Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес қала халқымен жеке қабылдауларды жиі өткізіп отырады. Сонымен қатар, қоғамдық кеңестің кезекті отырысына қатысуды да күн тәртібіне қойған.
Жандос Қалмырзаұлы 2025 жылдың 4 қарашасында қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысына қатысып, маңызды мәселелердің талқылануына куә болды. Жиынды қоғамдық кеңестің төрағасы Үсенбек Рахмет ашып, жүргізді. Отырысқа қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов, қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ қаладағы дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.
Күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды. Алдымен қалалық білім беру бөлімінің басшысы Әділ Әуелбеков Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында Кентау қаласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Ол білім беру сапасын арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, кадрлық әлеуетті көтеру бағытында қолға алынған шаралар жөнінде мәлімет ұсынды.
Келесі қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Баубек жер учаскелерін тиімді басқару, бөлу және қорғау, сондай-ақ тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның ішінде жер кезегін жүргізу ашықтығын арттыру және жер ресурстарын ұтымды пайдалану бойынша ақпараттар ұсынылды.
Сондай-ақ Кентау қаласының сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Данияр Байсейітов қаладағы құрылыс саласының перспективалық даму жоспары туралы баяндама жасады. Ол қазіргі уақытта жүріп жатқан құрылыс жұмыстары, жаңа нысандардың жобалық-сметалық құжаттамалары, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және қаланың сәулеттік келбетін жаңғырту бағытындағы жоспарлар жөнінде баяндады.
Отырыста баяндамашыларға қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, нақты ұсыныстар берілді. Кеңес мүшелері қала дамуының өзекті бағыттары бойынша пікір алмасып, тұрғындар игілігі үшін ортақ жұмысты одан әрі тиімді жүргізу қажеттігін атап өтті.
Жиын қорытындысында ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, жауапты бөлімдерге тиісті тапсырмалар жүктелді.

