Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамның ең өткір және маңызды мәселелерінің бірі. Полиция қызметкерлері бұл құбылыстың алдын алу және одан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы бағыттағы жұмыстардың бір бөлігі ретінде, Еңбекші аудандық полиция басқармасының Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің (АПБ ҚҚБ) Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері «3-ші арнаулы әлеуметтік отбасын қолдау орталығына» барып, осы орталықта паналап жүрген әйелдермен кездесу өткізді.
Полиция қызметкерлері, оның ішінде бөлімше бастығы полиция майоры Ш.Паизов, инспекторлар полиция капитаны С.Ерімбет және полиция лейтенанты Н.Битуғанова әйелдермен жеке сұқбаттар жүргізді. Сұқбат барысында әйелдер өз өмірлеріндегі ауыр сәттер, ұзақ уақыт бойы үнсіз шыдап жүрген жағдайлары мен қорқыныш, үміт араласқан сезімдері жайында ашық әңгіме өрбітті. Әрине, әсерлі әңгімелесулер — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тек физикалық күш көрсетумен шектелмейтінін, сонымен бірге психологиялық, экономикалық, тіпті рухани қысым болуы да мүмкін екенін тағы бір дәлелдегендей болды.
Анығын айтқанда, бөлімше қызметкерлерінің басты мақсаты — зардап шеккен әрбір әйелдің жалғыз еместігін жеткізу, оларға қолдау көрсету және ең бастысы, өздерін қорғауға құқығы бар екенін түсіндіру.
Маңызды ескерту:
- Зорлық-зомбылық – отбасылық құндылық емес, ол — ауыр қылмыс.
- Ол туралы айту — әлсіздік емес, керісінше, қиындыққа қарсы тұруға деген батылдық пен саналылық.
Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне «нөлдік төзімділік» қағидатын ұстанады және зардап шегушілерді үнсіз қалмауға шақырады.
Көмек сұраудан тартынбаңыз! Егер сіз немесе таныстарыңыз осындай жағдайға тап болса, дереу құқық қорғау органдарына немесе қолдау көрсететін орталықтар мен сенім телефондарына хабарласыңыздар.
Себебі, біз бармыз. Біз бірге күштіміз!

