Қазіргі цифрлық дәуірде жастар арасында «Хайп үшін» жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу, қауіпті трюктер жасау және оны әлеуметтік желіде жариялау үрдісі кеңінен етек алуда. Жылдамдыққа құмарлық, қауіпті маневрлер жасау және бұл сәттерді видеоға түсіру — бірер минуттық лайк пен қаралым үшін өмірді қатерге тігудің ең қауіпті түріне айналды. Полиция департаменті мұндай жауапсыздыққа қатаң тосқауыл қоюды және жастарды ақылға шақыруды мақсат етеді.
Көптеген жас жүргізушілер, яғни жастар арасында жолдағы қауіпті әрекеттер — бұл батылдық пен «ерекше стиль» танытудың амалы. Олар мұндай видеолардың соңы неге апаратынын ұмытып кетеді: апат, көз жасы және «егер бәрін қайтара алсам…» деген. Ал, шын мәнінде лайктар өткінші, керісіеше өкініш қалатынын бірі біліп, бірі білмей жатқаны бар. Осы ретте, полицияның ескертпесі, лайктар уақыт өте келе өшеді, ал қаралымдар көп ұзамай ұмытылады. Бірақ өмір — бір-ақ рет беріледі. Сондықтан да, өміріңді және басқа жол қозғалысына қатысушылардың өмірін әлдебір көрсетілім үшін құрбан етпе. Әлеуметтік желідегі танымалдылықтың бағасы тым қымбатқа түсуі мүмкін, әрине бәрі уақытша. Полиция қызметкерлері ақылсыз хайптың ешқандай ерлік емес екенін айтады. Керісінше, бұл — өзіңе және айналаңдағы адамдарға деген үлкен жауапсыздық. Себебі, нағыз стиль, нағыз батылдық және нағыз құрмет — басқада:
- Нағыз стиль — тірі, аман және заңды бұзбай, дұрыс жолақта қауіпсіз жүру.
- Жол ережесін бұзу — бұл батылдық емес, бұл жауапсыздық және қылмыстық әрекетке тең қадам.
Нағыз құрмет — тәртіп пен жауапкершілікте. Жол ережесін сақтау арқылы сіз өзіңіздің жетілген азамат екеніңізді көрсетесіз.
Полиция жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу арқылы хайп жасауға ұмтылатын барлық жүргізушілерге қатысты қатаң шаралар қабылдайтынын ескертеді. Жауапсыздыққа жол берілмейді. Өмірдегі ең маңызды қаралым — ол таңертеңгі күннің сәулесін көру мүмкіндігі.

