ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА «ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫНЫҢ АЯСЫНДА ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ №148 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТІҢ ЖОҒАРЫ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН «ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕШЕНДІ ҚАУІПСІЗДІК САБАҒЫН ӨТКІЗДІ.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заң алдындағы жауапкершілік жөнінде нақты түсінік қалыптастыру және оларды интернет кеңістігіндегі қауіптерден қорғауға баулу болды. Кездесуде Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор жасөспірімдер үшін ең маңызды құқықтық ақпараттарды жеткізді. Ол оқушыларға құқықбұзушылық түрлері мен олар үшін қарастырылған жауапкершіліктер, соның ішінде әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік жасы туралы толық айтып берді.
Инспектордың айтуынша, жастардың көпшілігі ұсақ құқық бұзушылықтардың өзі болашақ өмірлеріне, оқуларына және жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне қаншалықты кері әсер ететінін әлі де жете түсінбейтінін алға тартады. Сол себепті де тәртіп сақшысы дәрістің екінші негізгі бөлігін интернет қауіпсіздігі тақырыбына арнады. Қазіргі таңда жастардың көп уақытын желіде өткізетінін ескере отырып, полицейлер онлайн алаяқтықтың кең тараған түрлері (мысалы, «жеңіл ақша» туралы ұсыныстар, «тапсырысты орындау» болу, банктік деректерді сұрау) және олардан қорғану тәсілдерін нақты мысалдармен түсіндірді.
Кездесу барысында оқушылар өз туыстары немесе таныстары тап болған интернет-алаяқтық оқиғалары туралы айтып, пікірталасқа белсенді қатысты, бұл мәселенің өзектілігін көрсетті. Сонымен қатар, полицейлер оқушыларға жол қозғалысы ережелерін сақтаудың, әсіресе мопедтер мен самокаттарды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шараларын еске салды.
Басқосу ашық диалог форматында өтіп, оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқықтық мәдениетті нығайтуға белсенді атсалысты. Полиция департаментінің өкілдері мұндай іс-шаралардың өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, жеке қауіпсіздік деңгейін арттыруға, сондай-ақ полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға ықпал ететінін ерекше атап өтті.

