ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА «ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫН ІС ЖҮЗІНДЕ АСЫРУ АЯСЫНДА ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖДЕ СТУДЕНТТЕР ҮШІН ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН МАҢЫЗДЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ САҒАТ ӨТКІЗІЛДІ. БҰЛ ІС-ШАРА ЖАСТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТЫН АРТТЫРУҒА ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУҒА БАҒЫТТАЛДЫ.
Профилактикалық кездесудің негізгі бағыты – студенттер арасындағы заңға қайшы өрескел құқық бұзушылықтардың деңгейін төмендету, керісінше заң талаптарын түсіндіру және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға көмектесу болды. Кездесу барысында полиция қызметкерлері студенттер үшін бүгінгі таңда ең көкейкесті болып тұрған бірқатар ауқымды тақырыптарды талқылады. Атап айтқанда;
- Киберқылмыстар үшін жауапкершілік: Интернет желісіндегі алаяқтық, жеке деректерді заңсыз пайдалану және кибербуллинг сияқты қылмыстарға қатысқаны үшін қарастырылған қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы ескертілді.
- Есірткі қолдану қаупі: Нашақорлықтың адам денсаулығы мен психикасына тигізетін зияны, сондай-ақ есірткіні таратуға қатысудың ауыр заңды салдары туралы түсіндірілді.
- Зорлық-зомбылық пен буллингтің салдары: Отбасылық және қатарластар арасындағы зорлық-зомбылықтың, соның ішінде буллингтің қоғамға және жеке тұлғаға тигізетін теріс әсері айтылды.
- Өз құқықтарын қорғау тәсілдері: Студенттерге қиын жағдайларда, құқықтары бұзылған кезде қайда жүгіну керектігі және заңды қорғанудың негізгі тәсілдері жөнінде кеңестер берілді.
Кездесу барысында, дәріс оқыған спикерлер тек теориялық білім берумен шектелмей, өздерінің тәжірибесінде кездескен нақты мысалдарды келтірді. Бұл мысалдар студенттерге заң бұзушылықтың салдары қаншалықты ауыр болатынын айқынырақ түсінуге мүмкіндік берді. Студенттер де өз кезегінде өздерін толғандырған сұрақтарын тәртіп сақшыларына қойып, толыққанды әрі пайдалы жауаптарын алды. Аталмыш шараны ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің құқық бұзушылықтың ерте алдын алуға және колледжде қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға зор ықпал ететінін атап өтті. Полиция жастарды заңға құрметпен қарауға және жауапкершілік танытуға шақырды.

