Шымкент қаласының ең ірі аудандарының бірі Тұран ауданы аумағында, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.
Бұл ауқымды шара қоғамдық тәртіпті күшейтуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады. Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың тыныштығын қорғау және криминогендік ахуалды бақылауда ұстау.
«Учаске» іс-шарасының басты міндеттерінің бірі – полиция қызметкерлері тұрғын үйлерді толық аралап шығып, көпқабатты үйлердің әрбір пәтерін, жеке үйлер мен аулаларды аралап, онда тұрып жатқан адамдар жайлы ақпараттарды нақтылайды. Бұл шара тұрғындар тізімін жаңартып қана қоймай, сонымен қатар полиция мен халық арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Азаматтар өз учаскелік инспекторларын танып, қажет болған жағдайда олармен қалай байланысуға болатынын біледі. Мұндай іс-шаралар арқылы қоғамдық тәртіпке қауіп төндіруі мүмкін жайттардың алдын алуға болатыны сөзсіз.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өтіп жатқан бұл жедел-профилактикалық іс-шара барысында ерекше назар қару иелеріне аударылады. Ішкі істер органдарында тіркеуде тұрған қару иелерінің құжаттары мен қару сақтау шарттары мұқият тексеріледі. Мұндай бақылау – қарудың дұрыс сақталуын қамтамасыз ету және оның заңсыз айналымға түсуіне жол бермеу үшін өте маңызды. Сондай-ақ, іс-шара барысында ішкі істер органдарында есепте тұратын тұлғалардың да тұрмыс-тіршілігі мен тәртібін тексеруге зор мүмкіндік, әрі қылмыстың қайталануына жол бермеу мақсатында жүргізілуде.
Іс-шараның тағы бір өзекті бағыты – заңсыз көші-қонның жолын кесу. Полиция қызметкерлері тіркеусіз тұрып жатқан шетел азаматтарын немесе заңсыз еңбекпен айналысатын тұлғаларды анықтап, оларға қатысты тиісті шаралар қолданады. Бұл шара еңбек нарығындағы тәртіпті сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға септігін тигізеді.
Жалпы алғанда, Шымкентте 1-қарашаға дейін жалғасатын «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы – қаланың құқықтық тәртібін нығайтуға бағытталған кешенді және маңызды жұмыс. Ол тек құқық бұзушылықтармен күресіп қана қоймай, халық пен полиция арасындағы сенімді нығайтып, салауатты және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға ықпал етеді.

