Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2025 жылғы 27-29 шілде аралығында Шымкент қаласы аумағында «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл шараның мақсаты – жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, олардың құқықтарын қорғау және балаларға қатысты қылмыстық қол сұғушылықтың жолын кесу.
«Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шарасының негізгі міндеті – кәмелетке толмағандар тарапынан кешкі және түнгі уақытта жасалатын құқық бұзушылықтардың жолын кесу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында және тұрғын үйден тыс жерлерде жүрген жасөспірімдерді анықтау мен түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
Іс-шараға жергілікті атқарушы органдар, прокуратура, білім, спорт, денсаулық сақтау басқармалары, Жастар ресурстық орталығы, қоғамдық көмекшілер, үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері белсенді қатысуда. Мұндай бірлескен жұмыс жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алудағы кешенді тәсілді көрсетеді. Іс-шараның бір күндік нәтижесі бойынша айтарлықтай көрсеткіштер тіркелді. Атап айтқанда, ата-анасының қадағалауынсыз жүрген 12 жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға қажетті көмек көрсету үшін маңызды қадам. Ал, құқық бұзушылыққа бейім 10 жасөспірім және кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттеріне немқұрайлы қарайтын 4 отбасы анықталып, Ішкі істер органының есебіне қойылды. Бұл олармен жүйелі профилактикалық жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласы бойынша 154 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Соның ішінде, түнгі сағат 22:00-ден кейін заңды өкілінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында болған 16 жасөспірім тіркелді. Түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде болған 138 жасөспірім анықталды. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасуда. Полиция қызметкерлері жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың құқықтық тәртіпті сақтауына бағытталған шараларды күшейте бермек. Әрине, мұндай шаралардан әрбіріміздің қалыс қалмағанымыз жөн.

