Балалардың қауіпсіздігі – бәріміз үшін ең басты құндылық. Өкінішке орай, жыл сайын балалар биіктен құлап, ауыр жарақат алып, тіпті соңы қайғылы жағдайлармен де аяқталып жатады.
Әрине, мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алуға әбден болады – тек сақтық пен қырағылықты есімізден шығармауымыз қажет. Әсіресе, ата-аналардың жауапкершілігі мен қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауы балалардың өмірін сақтап қалуға көмектеседі.
Баласының амандығына алаңдайтын әрбір ата-ана үшін төмендегі ережелерге жіті назар аударғаны дұрыс. Атап айтқанда, терезелерді ашық қалдырмаңыз. Үйде бала болса, терезені ашық қалдырмаңыз. Бір сәттік назардан тыс қалу – үлкен қауіп тудыруы мүмкін. Масахана торларына сенбеңіз. Масахана торлары баланың қауіпсіздігіне кепіл бола алмайды. Бала оған сүйеніп, оңай сыртқа құлап кетуі мүмкін екенін ұмытпаңыз. Бұл торлар тек жәндіктерден қорғауға арналған. Баланы қараусыз қалдырмаңыз. Балаларды, тіпті қысқа уақытқа болса да, терезе немесе балкон жанында қараусыз қалдырмауға тырысыңыз. Олардың айналасында үнемі ересек адамның бақылауы болуы керек. Сондай-ақ, терезелерге арнайы бекіткіштер орнату – өте маңызды қадам. Сонда бала терезені өздігінен аша алмайды. Бұл құралдар қазіргі заманғы терезелерге оңай орнатылады және қауіпсіздікті едәуір арттырады. Жиһаздардың да қауіпсіз орналасуын қадағалаңыз. Терезелердің жанына бала көтеріліп шыға алатын жиһаздарды, яғни орындықтарды, дивандар мен үстелдерді қоймаңыз. Бұл баланың терезеге жетіп, қауіпті жағдайға тап болуына жол бермейді.
Ашық тұрған терезе – балаға қызық көрінгенімен, өте қауіпті болуы мүмкін. Ата-ана ретінде біз жоғарыда аталған қарапайым, бірақ маңызды сақтық шараларын орындау арқылы баланың өмірін сақтап қана қоймай, оның қауіпсіз ортада өсуіне жағдай жасай аламыз. Өйткені, балаларымыздың амандығы – біздің қамқорлығымызда! Әрбір бала бақытты әрі қауіпсіз балалық шақты өткізуге лайықты. Бұл үшін барлық жауапкершілік ата-аналар мен қоғамның мойнында екенін біле жүрейік.

