Жыл сайын жаз мезгілінің келуімен орман-дала өрттерінің қаупі арта түсетіні жасырын емес. Бұл мәселе Түркістан облысы үшін де аса өзекті. Осыған байланысты, облыс аумағындағы өрт қауіпті кезең басталғалы бері өртке қарсы жұмыстар бақылаудан түспей, күшейтілуде. Аталған маңызды мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде жіті талқыланып, тиісті басшыларға қатаң ескертулер жасалды.
Мәжілістің барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өртке қарсы жұмыстарды уақтылы үйлестірмеген және тиісті мәлімет ұсынбаған басшыларға ескерту жасады. Бұл облыс басшысының мәселеге аса жауапкершілікпен қарайтынын және орындаушылық тәртіпке жоғары талап қоятынын көрсетеді.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров өз сөзінде: «Облыс аумағындағы жолдардың бойында минералды жолақ сызу жұмыстарын мамыр айында аяқтауды тапсырғанмын. Кейбір аудандар бұл тапсырманы кешіктірді. Мұндай олқылықтар қайталанбауы тиіс. Облыс аумағында орман дала өрттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы іс-шара жоспары бекітілген. Осы бағытта жұмысты сапалы атқару керек. Орман, дала өрттерінің алдын алу және олармен күрес жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырамын», – деп қатаң ескертіп, алдағы міндеттерді айқындады.
Жиында көтерілген ауқымды мәселелер мен қатаң талапты күшейтуге меңзелген сөздер өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жүйелілік пен жауапкершіліктің маңыздылығын арттыруды көздейді. Әсіресе, минералды жолақтарды уақтылы сызу – өрттің таралуын тоқтатудағы ең тиімді әрі қарапайым әдістердің бірі. Осы жұмыстардың кешіктірілуі ықтимал апаттарға жол ашуы әбден мүмкін.
Мәжілісте Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы А.Төлешев пен Облыстық жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы С.Бүрлібаевтің есептері тыңдалды. Бұл баяндамалар өңірдегі өрт қауіпсіздігіне қатысты ахуалды және атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін толықтай көрсетті. Өңірде орман және дала өрттерінің алдын алу жұмыстарының іс-шаралар жоспары бекітілген. Бұл жоспарға сәйкес, облыс аумағындағы 478 елді мекеннің жиегін өртке қарсы минералды жолақ жырту және жанғыш құрғақ шөптерден тазарту туралы тапсырма берілген. Жоспарланған іс-шаралардың орындалу барысы қажетті деңгейде ұйымдастырылуда. Дегенмен, мәжілісте атап өтілгендей, кейбір аудандарда жұмыс толық әрі сапалы емес. Осы бағытта тиісті тапсырмалар беріліп, кемшіліктерді жою мерзімі нақтыланды. Анығын айтқанда, минералды жолақтарды жырту және құрғақ шөптерді тазарту – өрттің таралуын тоқтатудағы алғашқы және ең маңызды кезең болып табылады. Осы жұмыстардың сапалы орындалуы ғана ірі өрттердің алдын алуға кепіл бола алады. Неге десеңіз жаз мезгілінің екінші айына да қадам басқандықтан, берілген тапсырманы дер кезінде орындамау, салғырттық пен жауапсыздыққа әкеліп, нәтижесінде түрлі келеңсіз жағдайларға жол беріп алуымыз мүмкін. Ал, «өрт – тілсіз жау» демекші минералды жолақтарды дер кезінде сызбау, қателікпен қатар қауіптілігі басым екенін білгеніміз абзал.
Түркістан облысы әкімі аппаратының мәжілісінде қаралған өрт қауіпсіздігі мәселесінің маңызы зор. Облыс басшысының қатаң талаптары мен шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмалары өрт қаупін азайтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың бір бөлігі. Алайда, бұл жұмыс тек Төтенше жағдайлар департаменті немесе басқа да уәкілетті органдардың ғана міндеті емес. Бұл – әрбір аудан басшысының, ауыл әкімінің, сондай-ақ әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі.
Әрбірімізге қойылар талап, өрттің алдын алудағы басты қағидаға аса назар аудару, яғни – алдын алу жұмыстарын үздіксіз жүргізу. Жоспарланған іс-шараларды тек орындап қана қоймай, оның сапасына және уақтылылығына да жіті көңіл бөлу қажет. Өйткені, бір ғана немқұрайдылық немесе кешіктіру көптеген шығынға, тіпті адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Түркістан облысының әкімдігі мен тиісті ведомстволардың үйлесімді жұмысы және оның тұрақты бақылауда болуы ғана өңірдегі өрт қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз ете алады.