Жазғы демалыс маусымы басталғанда, су айдындарына баратын адамдар саны күрт артады. Өкінішке орай, мұндай демалыс кейде қайғылы оқиғалармен аяқталып жатады. Осыған байланысты, су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі жыл сайын өзектілігін жоймайды. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) қызметкерлері су айдындарындағы қауіпсіздікті күшейту бойынша ауқымды жұмыстарды бастады.
Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Шарафкент ауылындағы Балықты өзені – жергілікті тұрғындар жиі баратын демалыс орындарының бірі. Алайда, бұл өзеннің кейбір аймақтары шомылуға жабдықталмаған және қауіпті болып саналады. Мұндай орындарда су астындағы шұңқырлар, ағыстың жылдамдығы, өткір заттар немесе кенеттен тереңдейтін жерлер болуы мүмкін. Қауіпті аймақтарды белгілеу және алдын алу шаралары бойынша жергілікті өңірдің төтеншеліктері, аудан тұрғындары мен қонақтарына, кез келген қауіптің алдын алу мақсатында тындырымды жұмыстар атқаруда.
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінің атқарған маңызды жұмыстарының бірі – осы қауіпті аймақтарға ескерту белгілерін орнату болды. Бұл белгілер шомылуға тыйым салынғанын немесе қауіпті екенін білдіріп, тұрғындарды сақтыққа шақырады. Мұндай шаралар суға түсу кезіндегі бақытсыз жағдайлардың алдын алуға тікелей ықпал етеді. Себебі, тұрғындар көбінесе қауіпті жерлерді білмегендіктен немесе немқұрайлылық танытқандықтан апатқа ұшырайды. Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тек ескерту шараларымен шектеліп қалған жоқ. Олар алдағы уақытта аталған орынды халыққа қолжетімді және қауіпсіз ету мақсатында жергілікті әкімдікке коммуналдық жағажай ашу туралы ұсыныс берді. Бұл ұсыныс өте орынды және маңызды, себебі ресми түрде жабдықталған жағажайлар, ең алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Мұндай жағажайларда құтқарушылардың кезекшілігі, арнайы жүзу аймақтары, сондай-ақ қажетті құтқару құралдары болады. Сонымен қатар инфрақұрылымды жақсартады. Демалушылар үшін қолайлы жағдайлар (күннен қорғайтын қалқалар, киім ауыстыратын орындар, дәретханалар) жасалады. Онан бөлек тұрғындардың бір жерге шоғырланып демалуы, қоқыс жинау жүйесінің болуы табиғаттың ластануының алдын алады және экологияны сақтауға көмектеседі. Мұндай коммуналдық жағажайдың ашылуы тек демалыстың қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, ауданның туристік әлеуетін де дамытуға үлес қосады. Осы ретте суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік – жалпыға ортақ міндет екенін әрбір тұрғындар мен қонақтар назардан тыс қалдырмауын төтеншеліктер ескертеді. Аталған шаралар суға шомылу маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жоспарлы әрі маңызды қадамдардың бірі. Суға шомылу – демалыстың бір түрі ғана емес, дұрыс ұйымдастырылмаса, қауіпке айналуы да мүмкін. Сондықтан, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері және жергілікті әкімдіктің алдын ала жүргізетін осындай жұмыстары тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтауға тікелей ықпал етеді.
Әрбір азамат өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Су айдындарында демалғанда, келесі ережелерді есте сақтаған жөн:
Белгіленген жерлерде ғана шомылыңыз. Ескерту белгілері бар жерлерге түспеңіз.
Мас күйде суға түспеңіз. Алкоголь адамның реакциясын бәсеңдетіп, тепе-теңдігін бұзады.
Балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Кішкентай балалар суға жақын жерде ешқашан жалғыз қалмауы керек.
Таныс емес жерлерге сүңгімеңіз. Су астындағы заттар жарақат алуға немесе басқа да қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін.
Қатты шаршаған кезде немесе ауру кезде суға түспеңіз.
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Балықты өзенінде атқарған жұмыстары – су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды бастама. Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға және суға шомылу маусымындағы бақытсыз жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Қауіпсіз демалысты қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдардың жұмысымен қатар, әрбір азаматтың саналы әрекеті мен жауапкершілігі аса қажет. Су айдындарындағы қауіпсіздік – бұл тек ТЖД қызметкерлерінің ғана емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін біле жүрейік.