Бүгін Түркістандағы «Достық үйінде» Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медальдарын тапсыру рәсімі өтті деп, хабарлаған Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты шараға өңірдің өркендеуіне және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар қатысты. Марапатқа ие болғандар арасында ҚХА мүшелері мен ардагерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері бар.
Бірлікке үндеген жиында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Ассамблеяның игілікті істеріне тоқталып, қуаныш иелерін марапатымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мерекесімен құттықтады.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық белесі бізге өткенімізді саралап, жетістіктерімізді бағамдауға мүмкіндік береді. Бұл мерейтой – барша халықтың бірлігі мен келісімінің жемісі. Өңірдегі Ассамблея мүшелерінің, этномәдени бірлестіктердің ел ынтымағын сақтау жолындағы еселі еңбегі зор. Бүгінде облыстық Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер «Салауатты сана», «Адал азамат», «Елтану», «Мың бала», «Қайырымдылық керуені», «Жаңа толқын», «Шаңырақ» жобаларын тиімді іске асыруда. Баршаңызды ҚХА мерейтойымен құттықтаймын! — деді Ертай Кенжебекұлы.
Жалпы өңірлік Ассамблеяның ұйытқы болуымен жыл басынан бері 27 мыңға жуық адам қатысқан 440 іс-шара, 15 қайырымдылық акциясы өткізілген. Сонымен қатар, 134 ақпараттық-насихаттық кездесулер өткізіліп, оған 7000-ға жуық тұрғын қатысты.
Мерекелік шара соңында облыс әкімінің орынбасары марапат иелеріне жемісті жұмысы үшін алғысын білдіріп, алдағы жоспар-жобаларына табыс тіледі.