
– Жергілікті биліктің ең басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Осыған орай, өздеріңізбен кеңесе отырып, ауданды әрі қарай дамыту бағытындағы ұсыныс, талаптарыңызбен танысу маңызды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы экономиканы әртараптандыру, ифрақұрылымды дамыту, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Төлеби ауданында іске асырылып жатқан мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға қысқаша тоқталып өтсем, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауданда 2024 жылы 21 елді мекенде құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын 16 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 13 елді мекендегі 18 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал 8 елді мекенде электр желілерінің құрылысы толық аяқталды. Қостөбе елді мекенінде мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Көксәйек саз мектебінің қосымша ғимарат құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Төлеби ауданының туристік және экономикалық әлеуеті өте жоғары. Инвестиция тарту, туризмді дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік бар. Осы бағытта жұмысты күшейту керек, – деген Нұралхан Көшеров аудандағы кейбір салалардағы кемшілікті жасырмай ашық айтып, олардың шешу жолдарын қарастырып, жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырды.