Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының Шаян ауылында 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында волейболдан облыс чемпионаты өтуде. Жарысқа 15 команда, 200-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтауда. Турнирдің басты мақсаты – өңірде волейбол деңгейін көтеру, жас спортшылардың шеберлігін арттыру және үздіктерді жоғары деңгейдегі жарыстарға дайындау деп, хабарлаған Бәйдібек ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды, облыстық спорт басқармасының бас маманы Ахан Есалиев, облыстың аға жаттықтырушысы Иса Раймханов және спорт ардагері Шадияр Қондыбаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс нәтижесінде үздік ойыншылар Түркістан облысының құрамасына шақырылып, наурыз айында өтетін ел чемпионатында облыс намысын қорғайды. Бұл жас спортшылар үшін үлкен мүмкіндік әрі кәсіби өсуге маңызды қадам.
Чемпионаттың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Түркістан облыстық спорт басқармасы мен Бәйдібек аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұйытқы болды. Барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз!