Баспана жайы – әлеуметтің ең өзекті мәселесі. Басында баспанасы жоқ талай шаңырақ осындай қуанышты күнді асыға күтіп жүргені рас. Сондықтан мемлекет тарапынан ипотекалық немесе жалдамалы, сатып алу құқығымен болсын тұрғындарға үй беру мәселесіне маңыз беріліп келеді. Бұл тұрғыда Сайрам ауданында да үлкен жобалар қолға алынып жатыр деп, хабарлаған Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сайрам ауданында халықты баспанамен қамту, арендалық тұрғын үй сатып алу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Маңызды мәселе аудан әкімі Арман Сәбитовтің қатаң бақылауында. Бүгінде Әйтеке би ауылында 1 гектар аумақта жеке инвестор есебінен 2 қабатты 3 дана арендалық тұрғын үйлер салынып жатыр. Аталған құрылыс нысанда 80 пәтер аудандағы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілетін болады.
Сонымен қатар, биыл «Барыс Құрылыс» ЖШС-і тарапынан Ақбастау ауылынан жалпы 2 қабатты 3 дана арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүргізілмек. Аталған жоба «Тұрғын үй-моммуналдық инфрақұрылымды дамыту 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асады. Бекітілген ережеге сәйкес, тұрғын үй құрылысына бөлінетін жер учаскелері аукцион арқылы тұрғын үй мақсатында бөлінеді. Инвестор тиісті құжаттар әзірлеп, тұрғын үйді салады. Дайын үйлерді әкімдік мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы сатып алып, кезекте тұрған азаматтарға ұсынады.
Айта кетейік, бүгінде ауданның қала құрылысы даму аумағын және елді мекендердің бас жоспарлары схемаларын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Қарасу ауылдық округі аумағынан 57 га жер теліміне жаңа мөлтек аудан бой көтереді. Аталған аумақтығы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы дайындалды. Бұл жаңа мөлтек ауданда алдағы уақытта 47 дана 5 қабатты (2820 пәтер) тұрғын үй, әкімшілік ғимараты, мешіт, мәдениет үйі, жастар сарайы, қазандық, сауда үйі, 280 орындық балабақша, 600 орындық мектеп, 7 коммерциялық нысан мен саябақ салынбақ.