Аудан әкімі Арман Сәбитов ҚР еңбек сіңірген жатықтырушысы, Сайрам ауданының тумасы Мырзағали Айтжановты қабылдады деп, хабарлаған Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Қабылдау барысында талай чемпионды даярлаған даңқты бапкер Мырзағали Құланұлы Сайрам ауданында спорттың даму деңгейі жақсы екенін атап өтті. Ауданнан шығып, қаншама республикалық, халықаралық турнирлерде топ жарып жүрген спортшыларға қолдау күшейтілсе, жеңіс тұғырынан көрінетін жастардың шығатынына сенімді.
Сондай-ақ, Сайрам ауданының тумасы мектеп қабырғасындағы жасөспірімдердің ойынқұмарлық, нашақорлық секілді жат әдеттерден аулақ болуы үшін оларды спортқа баулу бойынша ұсынысын білдірді.
Аудан әкімі Арман Сәбитұлы өз сөзінде жаттықтырушы ретінде еліміздегі спорттың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді:
— Аудан тұрғындары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлу қашанда маңызды. Спорттық нысандардың салынуы және аудан жастарының спорт сайыстарында жетістіктерге жетуі бойынша Сайрам ауданы потенциалы жоғары аймақ саналады. Аталған мақсатта, Сіздің де орасан тәжірибеңіз бен қолдауыңыз қажет. Осы орайда, Сізге алдағы бастамаларыңызға сәттілік тілеймін, жоғары жетістікке жете беріңіз. Жеңісті күндеріңіз көп болсын! – деп ыстық ықыласын білдірді.