Бұқаралық спортты дамытумен қатар, жас спортшылардың бойында биік рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және салауатты өмір салтын орнықтыру – бүгінгі қоғамдық тәрбиенің маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда Кентау қаласында спорт бапкерлері мен жас спортшылардың қатысуымен мазмұнды ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Ауқымды ағартушылық іс-шараға «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің директоры Әділбек Қайырбеков пен білікті теолог маман Шынар Нұрулла арнайы қатысып, спорт саласының өкілдерімен ашық диалог жүргізді. Кездесу барысында спикерлер спорттағы тек физикалық дайындық қана емес, сонымен бірге спортшының ішкі рухани мәдениеті, тәртібі мен азаматтық ұстанымы шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Басқосуда сарапталған негізгі тақырыптар бағыты, ұлттық құндылықтарды дәріптеумен қатар, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, абыройлы болу, адалдық пен өзара сыйластық қағидаларын жас отандастардың бойында қалыптастыру барысында өрбіді. Отансүйгіштік пен намысты ұштастырған, ел намысын жасыл алаң мен бозкілемде қорғау арқылы туған өлкеге, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру және жаттықтырушылардың жас спортшыларға тек спорттық әдіс-тәсілдерді үйретіп қана қоймай, оларды дұрыс азамат ретінде қалыптастырудағы жауапкершілігі сөз болды.
Сонымен қатар теолог мамандар жастар арасында ақпараттық қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселесіне ерекше назар аударды. Спикерлер ақпараттық кеңістіктегі, соның ішінде әлеуметтік желілердегі түрлі теріс мазмұндағы материалдарға сыни көзқараспен қарау, діни ақпараттарды дұрыс саралау және жат діни идеологиялардың арбауына түсіп қалмаудың алдын алу жолдарын жан-жақты түсіндірді. Іс-шара соңында қатысушы бапкерлер мен жас спортшыларға ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, рухани қауіпсіздікті сақтауға және діни сауаттылықты арттыруға бағытталған арнайы тақырыптық ақпараттық брошюралар мен ағартушылық материалдар таратылды.
Кентау қаласында спортшылар мен бапкерлер құрамының рухани-адамгершілік әлеуетін арттыруға бағытталған бұл жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде өз жалғасын табатыны сөзсіз.

