Халықпен тиімді кері байланыс орнату, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауының өзегі осы міндет еді. Президент мемлекеттік басқару жүйесіне өзгерістер енгізіп, ашықтық, пікірлер плюразимін орнатуды жүктеді. Содан бері бір жыл өтті. Ағымдағы жылы Мемлекет басшысы халық үні мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс екенін атап өтті.
Тоқаев бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Халық кеңесін құру мәселесіне тоқталған болатын. Президенттің айтуынша, азаматтардың дәйекті өтініштері міндетті түрде ескеріліп, нақты нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау арқылы мемлекеттік мекемелерге тиісті тапсырмалар берілуде.
Мемлекеттік тапсырмалардың талап етілген деңгейде іске асырылуы Кентау қаласында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жергілікті атқарушы органдар мен халық арасындағы ашық диалогты нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстар атқаруымен жалғасуда. Осы бағытта Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, түйіткілді мәселелерді шешуде оңтайлы жұмыстарымен жергілікті тұрғындар ризашылығына ие болып отырған мемлекеттік қызметші екенін мақтанышпен айтуға болады.
Мәселен, тұрғындардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын жедел әрі сапалы қарастыру мақсатында жеке қабылдауға қала әкімінің орынбасары, аппарат басшысы, дербес бөлім басшылары және тиісті жауапты мекемелердің басшылары қатысты. Басшылардың толық құрамда қатысуы көтерілген мәселелерді орнында зерделеп, шешу жолдарын бірлесе қарастыруға мүмкіндік берді. Қабылдау барысында қала тұрғындары өздерін толғандырып жүрген түйткілді сауалдарды ортаға салып, тиісті өтініш-тілектерін жеткізді. Тұрғындар тарапынан көтерілген негізгі бағыттар, яғни жер телімдерін рәсімдеу, баспана кезегі және тұрғын үй инфрақұрылымы мен көпқабатты үйлердің аулаларына балалар ойын алаңшаларын орнату және демалыс орындарын ретке келтіру. Сондай-ақ, ауыз су, жылу, электр желілерінің жұмысы және әлеуметтік көмек алу мәселелері қамтылды.
Қала әкімі Жандос Қалмырзаұлы қабылдауға келген әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, көтерілген бірде-бір мәселенің назардан тыс қалмайтынын және олардың оң шешімін табу барысы жеке бақылауында болатынын атап өтті.
Қабылдау қорытындысы бойынша шаһар басшысы тиісті бөлімдер мен жауапты мекеме басшыларына тұрғындар көтерген мәселелерді Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты қарастырып, оларды шешудің нақты жолдарын пысықтау жөнінде хаттамалық тапсырмалар жүктеді.

