Кентау қаласында әлеуметтік-экономикалық дамуды қарқындату, халықты жұмыспен қамту және қаланың маңызды мерекелік іс-шараларын сапалы ұйымдастыру бағытындағы кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Осы орайда, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті апталық мәжіліс өтті. Шаһар басшысының төрағалығымен өткен бұл жиында екі маңызды мәселе кеңінен қаралды. Апталық жиынның алғашқы мәселесі бойынша қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Ақнұр Байболова баяндама жасады. Ол 2 қазан күні атап өтілетін «Қала күні» мерекесіне орай бекітілген іс-шаралар жоспары мен ақпараттық-ұйымдастырушылық дайындықтарды таныстырды. Ендеше, мереке қарсаңында қала кәсіпкерлері мен демеушілерді тарта отырып, «Кентау қаласы үшін 71 игі іс» қайырымдылық және әлеуметтік бағыттағы арнайы жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Аталған жоба аясында шаһар тұрғындарына қолдау көрсетуге, әлеуметтік жағдайларды жақсартуға және қаланың ішкі ортасын абаттандыруға бағытталған бірқатар қайырымдылық іс-шаралар жүзеге асырылмақ.
Мәжілісте қаралған екінші өзекті мәселе – тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету шаралары болды. Бұл бағытта «Мансап» орталығының басшысы Нүркен Бекбаев 2026 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Өңірлік жұмыспен қамту картасының іске асырылу барысы туралы жан-жақты баяндама жасап, қол жеткізілген нәтижелерді назарға ұсынды.
2026 жылға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында Кентау қаласы бойынша 3 369 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Жұмыс орындарының құрылымы мен таралымы жайында тарқатсақ, 169 жұмыс орны – ұлттық жобалар мен жеке инвестициялық жобалар аясында, 564 жұмыс орны – «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы бойынша, 789 жұмыс орны – жұмыспен қамтудың белсенді шаралары арқылы, 62 жұмыс орны – қайтарымсыз гранттар есебінен және 1 785 адам – еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары арқылы орналастырылуы жоспарланған. Орталық басшысы аталған барлық бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, жыл соңына дейін межеленген көрсеткіштерге толық қол жеткізу жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Жиында көтерілген мәселелерді қорытындылаған Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов «Қала күні» мерекесін жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуді және мереке күндері қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, шаһар басшысы жауапты сала басшыларына дайындық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, барлық іс-шаралардың ұйымдастырушылық және техникалық талаптарға толық сай өтуін қамтамасыз етуді жүктеді.

