Қазақстанда мектеп оқушылары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауындағы мемлекеттік саясаттың ең басты басымдықтарының бірі. Сондықтан да, жаңа оқу жылының жақындауына байланысты оқушылардың мектепке баратын жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жергілікті атқарушы органдар мен жауапты сала мамандарының басты назарында.
Осыған орай, Кентау қаласында және қалаға қарасты ауылдық елді мекендерде оқушылар мен тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған масштабты инфрақұрылымдық жұмыстар белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Қала әкімі Жандос Қалмырзаұлының тікелей тапсырмасымен жас өскіннің, әсіресе бастауыш сынып оқушыларының жол-көлік оқиғаларынан амандығын сақтау мақсатында білім беру ұйымдарына іргелес жатқан көшелерде кешенді дайындық шаралары қолға алынды. Нәтижесінде мектептерге жақын орналасқан автожолдардағы автокөлік жылдамдығын шектейтін жасанды жол кедергілері тексеріліп, тозығы жеткендері су жаңасына ауыстырылуда және талапқа сай қайта реттелуде. Оқушылар жиі өтетін жол бөліктерінде жаяу жүргіншілер өткелдері арнайы сапалы бояулармен қайта сызылып, арнайы жол таңбалары жаңартылып жатыр. Мектеп аймақтарындағы «Балалар», «Жылдамдықты шектеу» және «Жаяу жүргіншілер өткелі» сияқты ескерту мен тыйым салу жол белгілерінің көріну деңгейі зерделеніп, қажетті аумақтарда жаңадан орнатылуда. Қала аймағы мен қарасты ауылдардағы барлық білім ошақтарының айналасындағы инфрақұрылымдық жаңарулар оқу жылы басталғанға дейін толықтай кезең-кезеңімен аяқталады. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты бағыттарын сараласақ, барлық техникалық және сырлау жұмыстары алғашқы қоңырау соғылғанға дейін толық бітуі тиіс. Сондай-ақ, жол таңбалары мен кедергілердің стандартқа сәйкестігін жауапты бөлім мамандары қатаң қадағалауда ұстап отыр. Жаңа оқу жылының алғашқы күндері мектеп маңындағы жолдарда полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылып, оқушыларға жолда жүру ережелері түсіндіріледі. Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендерде жүзеге асырылып жатқан бұл шаралар балалардың мектепке аман-есен барып-келуіне қолайлы орта қалыптастырып, ата-аналар мен тұрғындардың қауіпсіздігіне берік кепіл болатыны сөзсіз.

