Қазақстанда 2026 жылғы 23 тамызда алғаш рет Құрылтай депутаттарын сайлау өтеді. Бұл еліміздің саяси жүйесіндегі жаңа кезеңнің басталуын білдіретін маңызды оқиға. Жаңа өкілетті орган азаматтардың еркін білдіру арқылы қалыптасып, заң шығару қызметін жүзеге асыратын институт ретінде жұмыс істейді.
Құрылтайдың құрылуы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған реформалардың заңды жалғасы саналады. Оның негізгі мақсаты қоғамдағы түрлі көзқарастарды заң шығару процесіне кеңінен тарту, азаматтардың мемлекеттік шешімдерге қатысу мүмкіндігін арттыру және заңдардың қоғамдық сұранысқа сәйкес қабылдануына жағдай жасау болып табылады.
Құрылтай құрамына сайланатын депутаттар бес жыл мерзімге өкілеттік алады. Олар әлеуметтік саясат, экономика, білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, экология және өңірлік даму секілді маңызды бағыттар бойынша заң жобаларын қарап, мемлекеттік саясаттың құқықтық негізін қалыптастыруға қатысады.
Кез келген демократиялық жүйеде сайлау тек дауыс беру рәсімі ғана емес, азаматтардың ел болашағына деген жауапкершілігінің көрінісі болып есептеледі. Сондықтан Құрылтай сайлауы да қоғамдық белсенділікті арттыруға, құқықтық мәдениетті нығайтуға және мемлекеттік институттарға деген сенімді күшейтуге ықпал ететін маңызды саяси үдеріс ретінде бағаланады

