Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында «Заң мен Тәртіп» идеологиясын терең орнықтыру, бұқаралық спортты дамыту және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып табылады. Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Қоғамда тәртіп пен заң үстемдік етуі тиіс. Жастарымыз зиянды әдеттерден, лудомания мен алаяқтықтан аулақ болып, спорт пен білімге ұмтылғанда ғана біз қуатты елге айналамыз» деп үнемі баса айтып келеді.
Осы орайда, Түркістан облысының тарихи-мәдени мұрасы бай, шежірелі өңірі – Созақ ауданында жастар арасында дене шынықтыруды дәріптеу және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «TUR WORKOUT» жобасы аясында «Тәртіпке тартыл» атты белтемірге тартылу сайысы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Жарыстың басты мақсаты мен әлеуметтік маңызы мен Созақ өңірінде өткен бұл ауқымды спорттық-профилактикалық іс-шараның мақсаты өте терең. Атап айтқанда, салауатты өмір салтын насихаттау бойынша жастар арасында street workout және бұқаралық спорт түрлерін кеңінен дәріптеу жүзеге асты. Құқықтық мәдениет пен тәртіпті насихаттау бағытында қоғамда заңға деген құрметті, жеке жауапкершілік пен ішкі тәртіп қағидаттарын қалыптастыру басымдыққа алынды. Әлеуметтік кесепаттардың алдын алу барысында жастар арасында құқық бұзушылықтың, лудоманияның, яғни құмар ойындарға тәуелділікті, қаржылық алаяқтықтың және өзге де теріс әлеуметтік құбылыстардың алдын алу мәселелері қамтылды.
Бүгінгі шараның салтанатты ашылу рәсімі және қонақтардың тілегі ерекше бағытта өрбіді. Сайыстың ашылу салтанатына арнайы қатысқан ел ағалары мен құқық қорғау саласының өкілдері қатысушыларға өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді. Сөз алған қонақтар Алтын Күнтуқызы – Созақ ауданы әкімінің орынбасары және Абай Қадыров – Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің фин мониторинг басқармасының басшысы, экономикалық тергеу қызметінің подполковнигі, Гүлзия Нұрғалиқызы – Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі офицері, экономикалық тергеу қызметінің капитаны.
Қонақтар өз сөздерінде спорт пен тәртіптің егіз ұғым екенін, заңға бағыну мен физикалық шынығу жастардың жарқын болашағына берік тұғыр болатынын атап өтіп, барлық спортшыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.
Тартысты бәсеке және облыстық кезеңге жолдама алған үздіктер жайын әңгімелесек, жарыс барысында аудан жастары белтемірге тартылу және күштік жаттығулар бойынша өзара бақ сынасып, жоғары спорттық дайындықтары мен мұқалмас жігерлерін көрсетті. Түрлі жас санаттары бойынша өткен бәсекеде спортшылар әрбір қайталау үшін тартысты ойын өрнегін ұсынды.
Турнир қорытындысы бойынша оқ бойы озып шығып, ең үздік нәтиже көрсеткен жас спортшылар — Анарбай Асылсұлтан, Жаңбырбай Асхат, Тулимов Алишер болды. Өз кезегінде үздік шыққан бұл жеңімпаздар сайыс қорытындысы бойынша «Тәртіпке тартыл» сайысының облыстық кезеңіне жолдама алып, Созақ ауданының намысын қорғайтын болды.
Жалпы, Созақ ауданында «TUR WORKOUT» жобасы аясында өткізілген «Тәртіпке тартыл» белтемірге тартылу сайысы – жастардың бойына патриоттық рух, физикалық төзімділік пен құқықтық сананы қатар дарытқан тағылымды іс-шара болды. Облыстық кезеңге жолдама алған ауданымыздың саңлақтары Анарбай Асылсұлтанға, Жаңбырбай Асхатқа және Тулимов Алишерге алдағы жарыстарда толағай табыстар мен биік белестерді бағындыруды тілеп, еліміздің ертеңгі жастары биік белестерді бағындыратынына сенімдіміз. Елімізде заң мен тәртіп үстемдік құрып, жастарымыздың енсесі қашан да биік болғай деген ниеттеміз.

