Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және мемлекеттік, бюджеттік мекеме қызметкерлері арасында дене шынықтыруды әдетке айналдыру – басты стратегиялық бағыттардың бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Дені сау ұлт – мемлекеттің мызғымас іргетасы. Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз зиянды әдеттерден арылған, рухы биік, сергек қоғам қалыптастырамыз» деп белгілеген болатын.
Осы тұрғыда, Түркістан облысының тарихи-мәдени мұрасы бай, шежірелі өңірі – Созақ ауданында жастар мен мекеме қызметкерлерін салауатты өмір салтына баулу, зиянды әдеттерге, оның ішінде нашақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында ауқымды спорттық іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылуда.
2026 жылғы 19 маусым күні Шолаққорған ауылындағы заманауи «Шолаққорған» спорттық-сауықтыру кешенінде 26 маусым – Халықаралық нашақорлық пен есірткі бизнесінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай бюджеттік мекеме қызметкерлері арасында футзалдан аудандық турнир өтті.
Бұл турнирдің ұйымдастырылуының әлеуметтік және идеологиялық астары өте тереңде жатыр. 26 маусым – БҰҰ тарапынан бекітілген Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні болып табылады. Қоғамда, әсіресе мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері, педагогтар мен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, есірткі дертіне қарсы ұжымдық көзқарас орнықтыру – басты міндеттердің бірі.
Турнирдің негізгі мақсаттары жайында тарқатсақ, нашақорлықтың алдын алу мен спорт арқылы жастар мен қызметкерлерді зиянды әдеттерден алыстатып, белсенді де пайдалы демалыс мәдениетін қалыптастыру. Мекемеаралық ынтымақтастық барысында ауданның әртүрлі бюджеттік сала қызметкерлері арасында достық байланыстар мен командалық рухты нығайту. Сондай-ақ, бұқаралық спортты дәріптеу мақсатында ауылдық жерлерде футзал мен жалпы спортты бұқараландыру болып табылады. Шолаққорған спорттық-сауықтыру кешенінің паркетінде өткен бұл бәсекеге ауданның бюджеттік мекемелерінен құралған 8 мықты команда қатысып, өзара тартысты да тартымды ойын өрнегін көрсетті. Турнирге қатысушылар тек жұмыста ғана емес, спорт алаңында да жоғары дайындық пен кәсібилік таныта алатындарын дәлелдеді. Жарыс барысында әрбір ойын тартысты өтіп, жанкүйерлердің толассыз қошеметіне бөленді. Командалар тактикалық ойын, допты меңгеру шеберлігі және жеңіске деген жоғары ұмтылыстарын паш етті.
Аталған тартысты жарыста Созақ ауданының білім бөлімі қызметкерлерінен, яғни педагогтар мен әкімшілік мамандардан құралған құрама команда ерекше ойын өрнегін танытты. Топтық кезеңнен сүрінбей өтіп, плей-офф сатысында қарсыластарын басып озған білім саласының өкілдері жоғары ойын шеберлігін, тактикалық ауызбіршілікті және жеңіске деген мұқалмас жігерді көрсетті. Аудандық білім бөлімінің футзал құрамасы турнир қорытындысы бойынша жүлделі ІІ орынды — күміс жүлдені иеленді. Уақыттарының көп бөлігін өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнайтын мұғалімдер мен білім саласы қызметкерлерінің мұндай спорттық биіктен көрінуі – олардың жастарға өздерінің жеке үлгісімен салауатты өмір салтын көрсете алғандығының дәлелі.
Жеңімпаз команда ұйымдастырушылар тарапынан салтанатты түрде марапатталып, арнайы дәрежелі дипломмен және 100 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Білім бөлімі қызметкерлерінің футзалдан аудандық жарыста жүлдегер ануы – тек спорттық жетістік қана емес, бұл – үлкен тәрбиелік мәні бар оқиға. Мектепте оқушыларға дене шынықтыру мен салауаттылықтың маңызын айтып жүрген ұстаздардың өздері спорт алаңында шеберлік көрсетіп, жүлде алуы оқушылар үшін ең үлкен мотивация болып табылады. Бұл жеңіс — ектеп оқушыларының спортқа, соның ішінде футзалға деген қызығушылығын арттырады, білім саласы ұжымының ішкі ауызбіршілігі мен корпоративтік рухын нығайтады және аудан көлемінде білім саласының абыройын тағы бір мәрте асқақтатады.
Созақ ауданында 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай өткізілген бұл футзал турнирі жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Шолаққорған спорт кешенінде өткен бұл тартысты бәсекеде жүлделі ІІ орынды жеңіп алған Созақ ауданы білім бөлімінің құрама командасы мүшелерін осы жарқын жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Жас өрендерге де, әріптестерге де өнеге боларлық спорттық ұжымға алдағы аудандық, облыстық жарыстарда толағай табыстар, саулық пен биік белестер тілеп, мұнанда биік шыңдарды бағындыра береді деген үміттеміз.
Жалпы, салауатты өмір салты салтанат құрып, ұлтымыздың денсаулығы мен рухы мықты бола беретініне және жастарымыздың спортты насихаттаудағы рөлі асқақтай беретініне кәміл сенеміз.

