Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік саясаты мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының ең басты, стратегиялық бағыттарының бірі – аға буын өкілдеріне тиісті құрмет көрсету, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға кдергісіз орта қалыптастыру және олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына толық жағдай жасау болып табылады. Егде жастағы тұрғындар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау – бұл мемлекеттің парасаттылығы мен қоғамның өркениеттілік деңгейінің басты көрсеткіші.
Осы орайда, Түркістан облысының тарихи әрі шежірелі өңірлерінің бірі – Созақ ауданында әлеуметтік саланың сапасын арттыруға бағытталған маңызды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Жақында киелі Теріскей топырағына ат басын бұрған еліміздің мақтанышы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Созақ ауданының Құрметті азаматы, белгілі өнер майталманы Сәкен Майғазиев Созақ ауылында болып, өңірдегі ғибратты істердің куәсі болды.
Туған жеріне арнайы сапармен келген Сәкен Кордабайұлы Созақ ауылында орналасқан, ел игілігі үшін қарқынды жұмыс істеп жатқан «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығының тыныс-тіршілігімен, инфрақұрылымымен және көрсетілетін қызметтер сапасымен егжей-тегжейлі танысты.
Әлеуметтік нысанды аралау барысында өнер иесі орталықта қарттар мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жасалған қолайлы жағдайларға, заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылуына және мамандардың кәсіби ұмтылысына ерекше ризашылығын білдірді. Аға буынның өмір сапасын жақсартуға, олардың денсаулығын нығайтуға бағытталған бұл бастаманы жоғары бағалаған Сәкен Майғазиев аудан тұрғындарының игілігі үшін атқарылып жатқан әлеуметтік жобалар үшін аудан басшылығына өзінің шынайы алғысын жеткізді.
Созақ ауылындағы «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы – бұл егде жастағы азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға, олардың оқшауланып қалмауына арналған заманауи арнаулы мекеме.
Орталықтың негізгі сипаттамалары мен мүмкіндіктері, ондағы қызмет алушылар санаты жайында сөз қозғасақ, мекеме зейнет жасындағы ардагерлерге, қарияларға, сондай-ақ 18 жастан асып, арнайы әлеуметтік қолдауды қажет ететін ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қызмет көрсетеді. Қабылдау қуаттылығы бойынша орталық бір мезетте 30-ға дейін азаматты қабылдауға толық қауқарлы. Бұл келушілерге жекелей әрі сапалы көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Сауықтыру және сауықтыру-дене шынықтыру бөлмелері — келушілердің денсаулығын нығайту үшін емдік дене шынықтыру (ФОК), массаж, физиотерапиялық аппараттар мен массаждық орындықтар орнатылған.
Бос уақытты тиімді ұйымдастыру бойынша азаматтардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында шахмат, тоғызқұмалақ, кітапханалық бұрыштар, қолөнер және сурет салу үйірмелері жұмыс істейді.
Психологиялық және әлеуметтік қолдау бағытында білікті психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер келушілермен тұрақты түрде тренингтер мен консультациялар өткізіп, олардың моральдық-психологиялық жағдайын бақылауда ұстайды.
Айта кету керек, «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы – бұл жай ғана ғимарат емес, бұл аға буын өкілдері мен ерекше қажеттілігі бар жандардың өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасайтын инклюзивті кеңістік. Мұнда келушілер бір-бірімен пікір алысып, тәжірибе бөлісіп, қоғамдық мәдени шараларға белсене араласады.
Сәкен Майғазиев орталықтағы ардагерлермен және жастармен жылы жүзді кездесу өткізіп, оларға өзінің ізгі тілектерін арнады. Өнер иесінің келуі орталықтағы азаматтарға үлкен рухани серпін беріп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Созақ ауданында «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығының ашылып, жүйелі қызмет көрсетуі – өңірдегі әлеуметтік саясаттың тиімділігін білдіреді. Белгілі қайраткер Сәкен Майғазиевтің бұл ғибратты іске куә болып, жоғары баға беруі аудандағы атқарылып жатқан оң өзгерістердің айқын дәлелі.
Егде жастағы қарияларымыздың амандығы мен ерекше азаматтарымызға жасалған мұндай қамқорлық өңірдің рухани және әлеуметтік дамуының берік кепілі болып қала бермек.

