Дана халқымыз «Ауруын жасырған өледі» деп бекер айтпаған. Бұл қағида бүгінгі таңда еліміздің білім беру жүйесі мен әлеуметтік саласындағы ең өткір мәселелердің бірі – жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесіне тікелей қатысты. Прокуратура органдары жүргізген соңғы бес жылдық талдау нәтижелері бұл құбылыстың тұрақты түрде тіркеліп отырғанын және жағдайдың алаңдатарлық екенін көрсетіп отыр. Біз бұл мәселені ашық айтып, оны шешудің нақты тетіктерін әзірлемесек, ертеңіміз – балаларымыздың тағдырына төнетін қауіп күшейе бермек.
Жасөспірімдер суициді – баланың ішкі жалғыздығы мен шешілмеген мәселелерінен туындайтын қауіпті әрекет. Негізгі себептерге отбасылық жанжалдар, қоршаған ортамен түсініспеушілік, қорқыныш жатады. Оның алдын алу үшін балаға сенімді дос болу, оны тыңдай білу және уақытында маман көмегіне жүгіну маңызды.
Психологиялық тұрғыда қалыптаспаған, кәмілеттік жасқа толмаған балаға оның замандасы не танысы өз-өзіне қол жұмсаған тұста «мүмкін емес» нәрсе «мүмкіндей» көрінеді. Балалар мен жасөспірімдердің суициді олардың отбасыларының мүшелеріне айтарлықтай әсер етеді. Әркім өзіне-өзі «мен кінәлі емеспін бе?» деген сұрақты қойып, өзінің марқұммен қарым-қатынасын еске алып, әрбір болған жанжалда өзін кінәлі санап, шешім жасайды. Соның салдарынан, психологиялық ауыруға душар болып, күйзеліс, депрессияға ұшырап, тіпті кейбір жағдайларда өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Сөйтіп, кей жағдайларда жасөспірімдер суициді үлкендердің де өз-өзіне қол жұмсауына себеп болып жататыны, өкінішті.
Біз үнемі «Балалар – біздің болашағымыз» немесе «Болашақ – жастардың қолында» дегенді жиі айтамыз. Ал осы жастардың сол болашақта өмір сүруге ниеті болмаса, не істеу керек?! Әрине, отбасын құрған ата-ана, балалы болғаннан кейінгі өмірінде, тек өздерінің қара бастарының мәселесімен күн кешпей, бала тәрбиесіне аса көңіл бөліп, жіті бақылауда ұстағаны абзал.
Хош, сонымен статистика артындағы адам тағдыры жайындағы мән-жайлар бойынша тарқатсақ. Бүгінгі таңда жасөспірімдер арасындағы орын алып жатқан суицид сандары – құрғақ мәлімет емес. Әрбір фактінің артында үзілген ғұмыр, отбасылардың орны толмас қайғысы және назардан тыс қалған баланың айқайы тұр. Соңғы бес жылдың деректеріне үңілсек, суицид оқиғаларының маусымдық сипаты бар екенін байқаймыз. Мысалы, ағымдағы жылдың жарты жылдығындағы көрсеткіштер өте жоғары. Биылғы жылдың өзінде тіркелген алты факт – бұл мәселедегі алдын алу шараларымыздың жүйелі емес екенін және маусымдық ерекшеліктерді ескеру деңгейінің төмендігін айғақтайды.
Білім беру мекемелерінде жыл сайын түрлі скринингтер, сауалнамалар мен диагностикалық жұмыстар жүргізіледі. Алайда, осы шаралардың тиімділігіне үлкен күмән бар. Өйткені, атқарылып жатқан жұмыстар көбіне «формальді сипатта» қалып қояды. Нәтижесінде, жыл сайынғы өсу динамикасы жағдайдың жақсармай тұрғанын, керісінше, проблеманың ушығып бара жатқанын көрсетеді.
Психологиялық қызметтегі тоқырау: Неге әдістемелер жұмыс істемейді? Психологтардың жұмыс жоспары соңғы үш жылда айтарлықтай өзгеріске ұшырамаған. Заман ағымы қарыштап дамып, балалардың интеллектісі мен ойлау қабілеті күрт өсіп жатқан тұста, ескірген әдістемелермен жұмыс істеу – нәтижесіздікке бастайды. Қазіргі балалардың ақпараттық қабылдауы, мәселелерді шешу жолдары мүлдем басқа. Ескі қалыптарға сыйып тұрған жұмыс жоспарлары – тек басшылық алдындағы есеп беру үшін жасалатын құжатқа айналған.
Жасыратыны жоқ, проблемалардың түп тамырында кадр тапшылығы және педагог-психологтарға түсетін негізсіз шамадан тыс жүктеме жатыр. Қолданыстағы норма бойынша 17-20 сыныпқа бір психолог қарастырылған. Алайда, нақты жағдайда бір маманға 40-тан астам сынып немесе 20-дан астам сынып топтамасы тиесілі болып отыр. Мәселен, жекелеген мектептерде 45 сыныпқа небәрі 2 психолог бөлінген. Мұндай жүктемемен маманның әр балаға жеке көңіл бөліп, оның ішкі жан-дүниесін зерделеуі объективті түрде мүмкін емес.
Сонымен қатар, психологтардың жұмысы көбіне «реактивті» сипатта, яғни қауіп орын алғаннан кейін ғана араласумен шектеледі. Күзгі және қысқы кезеңдерде күннің ерте батуы екінші ауысымдағы оқушылармен жеке жұмыс жасауды одан сайын қиындатады. Психологтардың уақыты мен мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, алдын алу шаралары өз деңгейінде жүргізілмейді.
Осы ретте мтериалдық-техникалық база және «қауіпсіз кеңістік» мәселесі де келеңсіздіктерге жол беріп жатқаны жасырын емес. Психолог кабинеті – бұл жай ғана бөлме емес. Бұл бала өзін қауіпсіз сезініп, сырымен бөлісе алатын ерекше кеңістік болуы тиіс. Бірқатар мектептерде психолог кабинеттері тіпті болмаған, прокуратураның араласуымен ғана ашылды. Дегенмен, олардың көбі заманауи стандарттарға сай емес. Егер оқушы психолог кабинетіне кіргенде өзін жайсыз сезінсе, ол маманға деген сенімін жоғалтады. Ал сенім жоғалған жерде психологиялық көмек болмайды.
Жалпы, профилактиканың жаңа көкжиегі — спорт, дін және отбасы. Балалардың ортасына қарай оларға ықпал ететін беделді тұлғалар бар. Мәселен, спортпен шұғылданатын балалар үшін жаттықтырушылардың сөзі – заң. Сондықтан, жаттықтырушылардың балаларға профилактикалық сұхбат жүргізуі – суицидтің алдын алудың ең тиімді жолы. Себебі, жаттықтырушының беделі спортшы балалар үшін сөзсіз қабылданады. Сондай-ақ, имамдардың рөлі де айрықша. Жұма уағыздарында имамдар бала тәрбиесі, отбасылық құндылықтар, мейірімділік және баланың қиындығын түсінуге бағытталған уағыздарды көбірек көтерсе, қоғамдағы ізгілік азаймас еді.
Тағы бір мәселе – ата-аналар жиналысы. Көп жағдайда жиналысқа тек аналар қатысады. Алайда, баланың тұлға болып қалыптасуында әкенің орны бөлек. Әкелердің жиналыстарға белсенді қатысуын қамтамасыз ету – отбасылық тәрбиедегі теңгерімді қалпына келтірудің кілті.
Проблеманы шешу үшін кешенді іс-қимыл жоспары мен жүйелі реформа қажет. Кадрлық әлеует бойынша, педагог-психологтардың санын көбейту және оларды лайықты үстемақылармен ынталандыру. Психолог мамандығына деген қызығушылықты арттыру – басты міндет. Жүктемені азайту бағытында, психологтардың уақытын қағазбастылықтан босатып, олардың негізгі күшін өтпелі кезеңдегі оқушылармен тікелей жұмысқа бағыттау. Ал стандарттау жұмысында, әрбір мектептегі психолог кабинетін заманауи психологиялық құралдармен және жайлы жиһаздармен толық жабдықтау. Қайта даярлау енгізгенде, психологтарды жаһандық және жергілікті психологиялық трендтерге сай заманауи әдістемелер бойынша оқыту. Бірыңғай мониторинг жүргізгенде, «Қауіп тобындағы» балаларды ерте анықтаудың бірыңғай жүйесін енгізу. Полицияның рөлі орасан, яғни отбасылық жанжал болған жерге шыққан полиция қызметкерлерінің міндетті түрде баланың эмоционалдық жай-күйіне баға беруін талап ету.
Қазіргі уақыттың өте өзекті тақырыбына айналып отырған жоғарыда айтылған мәселелер мақала шеңберінде қалып қоймай, айтылған сындар мен ұсыныстар назарға алынса құба-құб. Өйткені, бала – қоғамның ең нәзік, бірақ ең құнды бөлігі. Олардың көз жасына куә болу – бүкіл қоғамның, мемлекеттің, біздің ортақ трагедиямыз. Біздің міндетіміз – баланы есту, оны тыңдай білу және ең бастысы, оған қолдау көрсету.
Ринат Хусаинұлы сынды республикалық деңгейдегі сарапшылардың қолдауымен, сондай-ақ барлық құрылымдардың бірлескен күш-жігерімен ғана біз суицид індетін ауыздықтай аламыз. Әрбір бала – өз отбасының ғана емес, бүкіл Қазақстанның болашағы. Оларды қауіптің ортасынан шығарып, жарқын болашаққа жетелеу – біздің ар-ожданымыз бен кәсіби парызымыз.
Біріккен күш, дұрыс ұйымдастырылған жүйе және сапалы мамандардың қажырлы еңбегі арқылы біз бұл мәселені түпкілікті шеше алатынымызға сенімдімін. Балаларымыз аман болсын!

