Қоғамның тұрақтылығы мен әрбір азаматтың қауіпсіздігі — кез келген өркениетті мемлекеттің басты құндылығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында және қоғамдық жиындарда елімізде «Заң мен Тәртіп» қағидатын берік орнықтыру, заң алдында бәрінің теңдігін қамтамасыз ету және әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» мәдениетін қалыптастыру қажеттігін ұдайы атап келеді. Заңның қатаң әрі әділ орындалуы қоғамда «Адал азамат» пен «Салауатты сана» тұжырымдамаларының іс жүзінде жүзеге асуына жол ашады. Осы маңызды идеологиялық және құқықтық міндеттер аясында, аймақтағы ірі өндірістік ұжымдардың бірі — «Оңтүстік Жарық Transit» ЖШС мекемесінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жаңа заңнамалық талаптарды түсіндіруге бағытталған ауқымды профилактикалық кездесу болып өтті.
«Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шара өндіріс қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, отбасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және заңның жаңа талаптарын халық арасында кеңінен насихаттауға жол ашты.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық — бұл тек бір отбасының ішкі мәселесі емес, бұл — бүкіл қоғамның дамуына, ұрпақ тәрбиесіне және мемлекеттің әлеуметтік деңгейіне тікелей әсер ететін күрделі әлеуметтік дерт. Осы ретте, құқық бұзушылық орын алғаннан кейін оның салдарымен күрескеннен көрі, оның алдын алу, яғни профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу әлдеқайда тиімді нәтиже береді.
Ақпараттың сапалы жеткізілуін қамтамасыз ету мақсатында кездесуге «Отбасын қолдау орталығы» КММ-нің арнайы бейінді мамандары мен заңгерлері қатысты. Нақтырақ айтқанда, спикерлер құрамында Айжан Манабаева — «Отбасын қолдау орталығы» КММ-нің халықпен профилактикалық жұмыс маманы. Ол шараның негізгі баяндамашысы ретінде орталықтың идеологиялық бағыты мен практикалық қызметін таныстырды. Айдана Тұрсынбай — «Отбасын қолдау орталығы» КММ-нің бұқаралық ақпарат құралдарымен және тұрғындармен жұмыс маманы. Ол халықпен кері байланыс орнату, ақпараттық қолжетімділік және үнпарақтармен жұмыс істеу үрдісін үйлестірді. Ал, Гүлсезім Есенбетова — «Отбасын қолдау орталығы» КММ-нің білікті заңгері. Ол заңнамалық өзгерістер, Қылмыстық кодекске енгізілген түзетулер мен жаза түрлері бойынша заң тұрғысынан дәл әрі терең талдау жасады.
Шараға «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС мекемесінің басшылығы мен инженерлік-техникалық, әкімшілік қызметкерлері толық құрамда қатысып, тақырыптың өзектілігіне үлкен қызығушылық танытты. Халықпен профилактикалық жұмыс маманы Айжан Манабаева қатысушыларды орталықтың атқаратын ауқымды жұмыстарымен таныстырып, негізгі қызмет бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, үйде зорлық-зомбылық көріп, барар жері қалмаған аналар мен балаларды уақытша бейімдеу орталықтарына орналастыру, оларды қауіпсіз жатын орынмен, тамақпен қамтамасыз ету. Күйзеліске түскен, қысым көрген жандарға ұзақ мерзімді психологиялық терапия жүргізу арқылы олардың ішкі сенімділігін қайта қалпына келтіру. Сондай-ақ, қоғамда отбасы құндылықтарын дәріптейтін «Әкелер мектебі», «Аналар кеңесі» сияқты құрылымдармен бірлесе отырып, тәрбиелік шараларды ұйымдастыру мәселесін әңгімеледі.
Орталықтың заңгері Гүлсезім Есенбетова тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамаға енгізіліп жатқан соңғы өзгерістер мен толықтырулар туралы егжей-тегжейлі баяндап, отбасындағы ұрып-соғу немесе денсаулыққа жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қаралып, көбіне айыппұлмен немесе қысқа мерзімді қамаумен шектелетін. Жаңа заңнама бойынша, бұл істер Қылмыстық кодекске ауыстырылып, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілік барын және заңнамалық деңгейде үлкен назар аударылып отырған мәселенің бірі — сталкинг туралы тоқталды. Ал, балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған тұлғаларға (педофилия) және адам ұрлығымен айналысатындарға қатысты мемлекеттік жаза деңгейі ең жоғарғы шекке дейін көтерілді. Бұл санаттағы қылмыскерлерге мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығу немесе амнистия мүлдем қолданылмайды. Жаза тек өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе ең ауыр мерзімдегі түрме үкімдерімен атқарылатынына тоқталды.
Түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында «Отбасын қолдау орталығының» БАҚ-пен және тұрғындармен жұмыс маманы Айдана Тұрсынбайдың үйлестіруімен қатысушыларға арнайы дайындалған көрнекі үнпарақтар мен буклеттер таратылды.

