Мемлекеттің қуаттылығы мен қоғамның саулығы — әрбір шаңырақтың берекесімен, отбасы институтының беріктігімен тікелей байланысты. Ал кез келген отбасының алтын діңгегі, жылулық пен мейірімнің сарқылмас көзі — әйел. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше назар аударып, қоғамда «Адал азамат» және «Салауатты сана» қағидаттарын орнықтыруда аналардың рөлі орасан зор екенін үнемі алға тартып келеді. Әсіресе, демографиялық өсімі жоғары, ұлттық салт-дәстүрлер берік сақталған Түркістан облысының Сайрам ауданында ана мәртебесін көтеруге, отбасылық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған шаралар жүйелі сипат алған. Осы игі үрдістің жарқын айғағы ретінде, Сайрам ауданында табиғат аясында ерекше жылулыққа толы, тағылымы мен тәрбиесі мол “ANA FEST” аналарға арналған мерекелік фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Отбасын қолдау орталығы мен «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының бірлескен ұйымдастыруымен өткен бұл ауқымды фестиваль аймақтағы аналардың рухани әрі тұлғалық дамуына қолдау көрсетудің бірегей үлгісіне айналды деуге саяды. Неге десеңіз, табиғаттың көркем жерінде, өткен кездесу күнделікті тұрмыс қарбаласынан бір сәт серпілген аналар мен олардың перзенттеріне ұмытылмас шаттық сыйлады.
Қазіргі заман ағымында әйел заты тек ошақ қасының тірлігімен шектелмей, қоғамның түрлі салаларында белсенді қызмет атқаруда. Дегенмен, жұмыс пен отбасылық міндеттерді қатар алып жүру аналарға үлкен психологиялық және физикалық жүктеме түсіретіні жасырын емес. Осы ретте, “ANA FEST” фестивалі аналардың рухани демалуына, өздеріне уақыт бөлуіне және ішкі әлеуетін арттыруына жағдай жасауды көздеді.
Шара барысында қатысушылар тек демалып қана қоймай, өздері үшін өте пайдалы ақпараттар алып, тәжірибе алмасуға, өзара жылы қарым-қатынас орнатуға тамаша мүмкіндік алды. Отбасын қолдау орталығы күнделікті өмірде де қиын жағдайға тап болған отбасыларға, аналарға құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетумен жүйелі түрде айналысып келеді. Орталық мамандары бұл жолы аналарға мерекелік атмосферада қолдау көрсетудің жаңа форматын ұсынды.
Өз кезегінде «Ауыл» партиясы ұлттық құндылықтарды, ауылдық аймақтардың әлеуметтік әлеуетін көтеруді және отбасылық дәстүрлерді сақтауды өзінің басты бағдарламалық мақсаты санайды. Партия белсенділері фестивальдің материалдық-техникалық және идеологиялық жағынан мазмұнды болуына үлкен үлес қосты. Ұйымдастырушылар атап өткендей, анаға көрсетілген құрмет — болашақ сау ұлтқа салынған ең үлкен инвестиция. Мұндай мемлекеттік емес ұйымдар мен саяси партиялардың бірлескен жобалары аймақтағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудың қуатты құралы болып табылады. Фестиваль аясында ауданымыздан арнайы таңдалып алынған 6 үлгілі отбасы қатысып, шараның шымылдығын аудандық «Әжелер алқасы» мүшелері арнайы ашты. Ақ жаулықты әжелеріміз жас аналарға отбасы берекесін сақтау, жас нәрестені ұлттық салт-дәстүрмен (әлдимен, бесік жырымен) тәрбиелеу туралы алтын құндылықтарды айтып, ақжарма тілектерін білдірді. Кештің басында берілген ақсақалдар мен әжелердің батасы шараның рухани салмағын арттыра түсті.
Сонымен қатар, фестиваль аясында арнайы шақырылған білікті отбасылық дәрігерлер мен психолог мамандардың пайдалы кеңестері ұсынылды. Психологтар аналармен топтық терапия тренингтерін өткізіп, тұрмыстық күйзелісті жеңу, бала психологиясының ерекшеліктері, отбасындағы жанжалдардың алдын алу жолдарын түсіндірді. Ал дәрігерлер аналар мен балалардың денсаулығын күту, дұрыс тамақтану және салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша маңызды медициналық нұсқаулықтар берді.
Бала үшін анамен бірге уақыт өткізуден артық бақыт жоқ. Фестивальдің ең қызықты сәті — ана мен бала арасында ұйымдастырылған спорттық және интеллектуалдық көңілді сайыстар болды. Бұл жарыстарда аналар балаларымен бір команда болып жұмылып, түрлі тапсырмаларды орындады. Сайыстар отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сенімін нығайтып, балалардың шығармашылық қабілетін ұштауға мүмкіндік берді. Жарыс соңында қатысушы балалар мен аналарға арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Мерекенің сәнін келтірген — Сайрам ауданының белгілі өнерпаздары болды. Сахна төрінде шырқалған ана туралы, Отан және туған жер туралы әсем әндер көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жанды дауыста орындалған әуезді шығармалар табиғат аясындағы кездесудің ажарын ашып, аналардың жүрегіне жылылық ұялатты.
Бұл күн мейірімге, шаттыққа және көтеріңкі көңіл-күйге толы болды. Салтанатты жиынның қорытындысында ұйымдастырушылар тарапынан барша қатысушы аналарға құрмет көрсетіліп, олардың қоғамдағы рөлі жоғары бағаланды.

