Ынтымағы жарасқан елдің бағы баянды, болашағы жарқын. Қазақстанның заманауи тарихындағы ең басты жетістіктердің бірі — мемлекет аумағында өмір сүріп жатқан барлық этностардың біртұтас ұлт ретінде бірігуі, ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық келісімді сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың Отан игілігі үшін адал еңбек етуі қуатты Қазақстанды құрудың басты кепілі екенін үнемі алға тартады. Осы игі бастамалар аясында, бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы — киелі Түркістан қаласында «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесіне орайластырылған ауқымды, мазмұны терең мәдени-идеологиялық іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Түркістан қаласының інжу-маржаны саналатын «Керуен сарай» бірегей туристік кешенінде өткен бұл салтанатты жиын аймақ жұртшылығына ерекше рухани серпін беріп, бірлік пен келісімнің жарқын көрінісіне айналды.
Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, аймақ жұртшылығы мен қала қонақтарын бірлік пен келісім мерекесімен шын жүректен құттықтады. Өңір басшысы өз сөзінде 1 мамыр мерекесінің мемлекеттік маңызына және тарихтың күрделі кезеңдеріндегі қазақ халқының кеңпейілділігіне тоқталып өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Әр азаматтың бір-біріне тілеулестігі арқылы бүкіл ұлттың тұтастығын таныта білдік. Қазақстан халқы тарихтың күрделі кезеңінде жұрт болып жұмылып, табысқа жете алатынын тағы да дәлелдеді» деген салмақты сөзін мысалға келтіре отырып, қиын замандарда қазақ елі түрлі этностарға пана болып, тағдыр тәлкегімен келген жұртты бауырына басқанын мақтанышпен жеткізді. Соның нәтижесінде мемлекетімізде бірлігі жарасқан қоғам қалыптасқанын және бұл жетістіктің қазіргі жаһандық сын-қатерлер уақытында маңызы өте зор екенін баса айтты.
Облыс әкімі өз сөзінде Түркістан өңірінің қазіргі таңдағы демографиялық қуаты мен этносаралық татулықтың бірегей моделі туралы нақты мәліметтерді келтіре отырып, бүгінгі таңда Түркістан облысында 2 миллион 200 мыңға жуық халық тұратынын, республика бойынша ең ірі әрі демографиялық өсімі жоғары аймақтардың бірі екенін және осы берекелі өңірде 50-ден астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында, бір үйдің баласындай тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп жатқанын тілге тиек етіп, Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы 6 құрылым мен 11 этномәдени бірлестік белсенді қызмет атқарып, олар қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың негізгі институционалдық тірегі болып табылатынын алға тартты.
Сондай-ақ, облыс басшысы Түркістанның халықаралық деңгейдегі мәртебесін көтеретін үлкен жаңалықты да жария етті. Таяу уақытта Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері президенттерінің маңызды жиыны (Саммиті) өтеді. Мұндай ауқымды халықаралық іс-шаралардың рухани астанада ұйымдастырылуы облыстың экономикалық және туристік дамуына жаңа серпін беріп, Түркістанды әлемдік деңгейде танытуға үлкен ықпал ететіні сөзсіз.
Кез келген мемлекеттің, аймақтың дамуы — ең алдымен оның адал еңбек ететін азаматтарына байланысты. «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында мереке барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, ұзақ жылдар бойы адал әрі жемісті еңбек етіп жүрген этномәдени бірлестік өкілдері, қоғам белсенділері мен ардагерлер арнайы марапатталды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров марапат иелеріне Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарды табыстай отырып, олардың аймақтағы ішкі тұрақтылықты сақтауға, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге сіңірген еңбектерін ерекше атап өтті. Бұл марапаттау рәсімі қоғамда еңбек адамының мәртебесін көтерудің және ұлттар арасындағы достықты нығайтудың айқын дәлелі болды.
Мерекелік іс-шара аясында жергілікті және республикалық деңгейдегі танымал өнерпаздардың қатысуымен ауқымды концерт ұйымдастырылып, жиналған мыңдаған көрермендерге жоғары көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Концерттік бағдарламаның мазмұны халқымыздың бірлігін, достығын, салт-дәстүрін және мәдени ынтымақтастығын кеңінен дәріптеуге бағытталды.
Түркістан облысында бірлік күні мерекесі тек бір күндік шаралармен шектелмейді. Өңірде Президент тапсырмалары аясында ұлттық бірегейлікті сақтау және сананы жаңғырту бағытында кешенді жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда облыста «Заң мен тәртіп», «Бейбітшілік пен келісім», «Адал азамат», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана» жобалары аясында тәрбиелік маңызы өте жоғары, жастарға бағытталған іс-шаралар мен кездесулер тұрақты өткізілуде.

