Жастық шақ — адам өмірінің ең жалынды, армандар мен мақсаттарға толы ғажайып кезеңі. Алайда, осы шақта жасалған әрбір қадам, қабылданған әрбір шешім адамның бүкіл болашақ тағдырын айқындайды. Қазіргі жаһандану дәуірінде жастардың заңдық сауаттылығын арттыру, оларды жат қылықтар мен құқық бұзушылықтардан қорғау — қоғамның басты міндеттерінің біріне айналды. Осы орайда, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығының үлкен залында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында өте маңызды, тағылымы мол ауқымды іс-шара болып өтті.
Университет студенттері, оқытушы-профессорлар құрамы мен сала мамандарын қамтыған бұл жиынға 600-ден астам тыңдарман қатысып, қоғамдағы ең өзекті мәселелерді талқылады. Шара аясында заң үстемдігі, есірткі қылмысына қарсы күрес және рухани тәрбие бағыттары өзара ұштастырылды.
Қоғамдағы тәртіп — әрбір азаматтың заң талаптарын мүлтіксіз орындауынан басталады. Мемлекет басшысы ілгерілетіп отырған «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында өткен бұл кездесудің шымылдығы заманауи өзекті мәселелерді арқау еткен қысқаметражды фильмдердің көрсетілімімен ашылды. Студенттер назарына ұсынылған «Хулиганка» және «Не книжные закладки» атты туындылар бүгінгі қоғамда жастар арасында жиі кездесетін заң бұзушылықтар мен олардың аянышты зардаптарын шынайы бейнелеген. Фильмдерден кейін мінберге көтерілген Түркістан облысы прокурорының мемлекеттік айыпты қолдау саласы бойынша аға көмекшісі Альжанов Ақбұлан Салбекұлы құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ақбұлан Салбекұлы өз сөзінде заң алдындағы жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталды: «Кез келген құқық бұзушылық, мейлі ол кішігірім бұзақылық немесе жеңіл қылмыс болып көрінсін, адамның өміріне өшпес дақ қалдырады. Соттылықтың болуы болашақта жақсы жұмысқа тұруға, карьералық өсуге және қоғамда өз орнын табуға үлкен кедергі келтіреді. Біздің мақсатымыз — сіздерді жазалау емес, қателіктерден сақтандыру», — деп, заңды сыйлау әрбір саналы азаматтың міндеті екенін нақты мысалдармен түсіндірді.
Бүгінгі таңда тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған ең қауіпті дерттің бірі — есірткі қылмысы, оның ішінде синтетикалық есірткілердің жастар арасында таралуы. Осы қауіптің алдын алу мақсатында Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бимаханов Марат Асылханұлы арнайы бейнеролик ұсынды. Марат Асылханұлы студент жастарға интернет желісіндегі «оңай олжаға» алданбауды, заңсыз есірткі тасымалы мен оны жасыру (закладка) әрекеттері үшін заңнамада өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына дейін қарастырылғанын қатаң ескертті.
Жиынның рухани-педагогикалық бөлімінде Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-інің ғалымы, педагогика ғылымдарының кандидаты, Түркістан облыстық «Аналар» кеңесінің төрайымы Тоққұлова Гүлсара Төлебекқызы өте мазмұнды баяндама жасады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда атап көрсеткен қоғамның бес қауіпті кеселіне жеке-жеке тоқталып өтті. Олар: нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық. Осы кеселдермен күресудің басты құралы — «Салауатты сана» жобасын іске асыру екенін айтты.
Сонымен қатар, ғалым-ұстаз Ата заңымыз — Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-бабына ерекше тоқталып өтті. Ол бұл баптың азаматтардың білім алу құқығын кепілдендіретінін, ал тегін жоғары білім алу — мемлекеттің жастарға жасаған үлкен қамқорлығы екенін атап өтті. Жастар бұл мүмкіндікті бағалап, елдің дамуына үлес қосатын білікті маман болуға ұмтылуы тиіс.
Іс-шара барысында — «Әке, ана — алғысым шексіз» жобасы аясында ұйымдастырылған психологиялық тренингке кезек берілді. Бұл тренинг студенттердің ішкі жан дүниесіне үңіліп, ата-анаға деген құрмет пен махаббат сезімдерін оятуға бағытталды. Тренинг барысында студенттер ата-ананың қадірі, олардың түн ұйқысын төрт бөліп өсірген еңбегі мен перзенттік парыз туралы терең ой қозғады. Залда отырған 600-ден астам тыңдарманның арасында көзіне жас алып, ата-анасына іштей алғыс айтқан жастар көп болды. Бұл сәт мейірім шуағын шашқан, қатысушыларды рухани байытқан, шынайы сезімдерге толы сәт ретінде есте қалды. Жастар бұл тренинг арқылы өмірдің ең басты құндылығы — отбасының амандығы мен ата-ананың ризашылығы екенін тағы бір мәрте терең ұғынды.
Жиынның соңғы бөлімі дәстүрлі сұрақ-жауап форматына ұласты. Университет студенттері өздерін мазалап жүрген құқықтық, әлеуметтік және психологиялық сұрақтарын сала мамандарына тікелей қоюға мүмкіндік алды.

