Әрине, мықты отбасы — мемлекетіміздің іргетасы. Ал сол отбасының беріктігі мен қауіпсіздігі — бүкіл қоғамның тұрақтылығының кепілі. Бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасы институтын нығайту мәселесі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Осы орайда, Сайрам ауданында ұйымдастырылған аудандық деңгейдегі «Ашық есік күні» іс-шарасы халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, өзекті мәселелерді жедел шешудің тиімді алаңына айналды деуге саяды.
Жасыратыны жоқ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес — тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Сондықтан да кез келген іс-шара құқық саласы мамандарының қатысуынсыз өтпейді. Әдеттегідей бүгінгі шараға Сайрам аудандық полиция басқармасының әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі инспекторы, полиция майоры А.Абдуллаева және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Ш.Мирзаметов қатысып, тұрғындарға заң аясындағы маңызды өзгерістерді түсіндірді.
Полиция қызметкерлері атап өткендей, заңнамаға енгізілген соңғы толықтырулар зорлық-зомбылық жасаушыларға жазаны қатайтып, жәбірленушілерді қорғау тетіктерін нығайтты. Атап айтқанда, құқық бұзушылықты тіркеудің арыздық сипаттан анықтау сипатына көшуі, татуласу рәсімдерінің шектелуі және профилактикалық бақылаудың күшейтілуі жайында әңгіме өрбітті. Полиция майоры А.Абдуллаева әрбір әйел мен баланың қауіпсіздігі мемлекет бақылауында екенін айтып, ақпараттық үнпарақтар тарату арқылы халықтың құқықтық сауатын арттыруға үлес қосты.
Жиынның мазмұнды өтуіне Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары А.Жақыпбек пен «Отбасын қолдау орталығы» КММ басшысы Ж.Утегенов бастаған мамандар тобы да өз үлестерін қосты. «Ашық есік» күніне келген тұрғындардың сұрақтары әртүрлі саланы қамтыды. Мамандар әрбір өтініш иесіне жеке тоқталып, нақты кеңестер берді. Мысалы, заңгер М.Қалыбеков пен психолог А.Худайбергенова отбасылық жанжалдарды шешудің заңдық және эмоционалдық жолдарын көрсетті. Отбасылық дағдарысқа тап болған азаматтарға психологиялық оңалтудың маңызы түсіндірілді. Психолог маман «агрессияны тежеу» және «бала тәрбиесіндегі үйлесімділік» тақырыптарында кеңес беріп, тұрғындардың ішкі үрейін сейілтуге тырысты. Тұрғындарды ең көп толғандырған мәселелердің бірі — атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алу және тұрғын үй кезегіне тұру болды. А.Жақыпбек пен орталық мамандары АӘК тағайындаудың жаңа талаптарын, отбасының табысын есептеу тәртібін және тұрғын үй кезегіне құжат өткізу алгоритмдерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар, мамандық бойынша жұмысқа орналасу, қайта даярлау курстарына жазылу мәселелері де назардан тыс қалмады.
«Отбасын қолдау орталығының» басшысы Ж.Утегенов кездесу барысында мекеменің негізгі мақсаты тек көмек беру емес, отбасыларды сақтап қалу екенін атап өтті. «Біздің орталық — жанжал орын алғанда ғана баратын жер емес. Біз некені сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және көршілік қарым-қатынасты жақсарту бағытында жұмыс істейміз. Орталықта тегін психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек алуға барлық жағдай жасалған», — деді мекеме басшысы.
Сайрам ауданында өткен «Ашық есік күні» халық пен билік арасындағы ашық диалогтың жарқын үлгісіне айналды. Кездесу қорытындысында жүздеген азамат пайдалы ақпарат алып, шешілмей жүрген мәселелерінің түйінін тапты.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «Әділетті Қазақстанның» негізі — заң мен тәртіп, сондай-ақ әрбір азаматтың әлеуметтік қорғалуы. Сайрам аудандық «Отбасын қолдау орталығы» мен полиция басқармасының бірлескен бұл бастамасы аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, отбасылардағы береке-бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.
Игі істер мұнымен тоқтап қалмайды. Мұндай «Ашық есік» күндері алдағы уақытта ауданның басқа да шалғай елді мекендерінде жалғасын таба бермек. Өйткені, әрбір отбасының амандығы — елдің амандығы.

