Азаматтардың мұң-мұқтажына дер кезінде құлақ асып, олардың өмірлік мәселелерін тиімді шешу — мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты көрсеткіші болып табылады. Осы бағытта Кентау қалалық «Отбасын қолдау орталығы» халық пен билік, халық пен маман арасындағы алтын көпірге айналып отыр. Бүгін орталық қабырғасында өткен «Ашық есік» күнінде 40-қа жуық адамдардың тағдырына араша түсіп, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік тығырықтан шығудың жолын көрсеткен мазмұнды басқосу болды.
Қазіргі қоғамда азаматтардың басым бөлігі өз құқықтарын қорғау немесе әлеуметтік көмек алу барысында қай мекемеге жүгінерін, қандай құжаттар жинау керектігін білмей жатады. «Ашық есік» күнінің басты мақсаты — қала тұрғындарына, әсіресе көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға «бір терезе» қағидаты бойынша кәсіби кеңес беру болғандықтан, шараның ұйымдастырылу деңгейі жоғары болды. Тұрғындар орталыққа келе отырып, бір мезетте заңгердің де, психологтың да, сот орындаушысы мен жұмыспен қамту маманының да кеңесін алуға мүмкіндік алды. Бұл шара жергілікті тұрғындардың уақыттарын үнемдеп қана қоймай, мәселенің кешенді шешілуіне жағдай жасады.
Кездесуге «Отбасын қолдау орталығының» ішкі мамандарынан бөлек, қаланың түрлі саласындағы ең білікті сарапшылар шақыртылды. Бұл — мәселенің заңдық, медициналық және әлеуметтік қырларын бір арнаға тоғыстыруға мүмкіндік берді. Қабылдау жүргізген психологтар тобы — Гульнара Айжигитовна Таубаева (Отбасын қолдау орталығы), Асылзат Болатқызы Алиева (Қалалық емхана) және Гүлнар Жанабаева (Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы) тұрғындардың ішкі үрейі мен стресстік жағдайларына назар аударды. Отбасылық кикілжіңдер, бала тәрбиесіндегі қиындықтар және әлеуметтік оқшаулану мәселелері бойынша келген азаматтарға кәсіби терапиялық кеңестер берілді.
Заңгерлік кеңес блогында Болат Асылханұлы Асанов пен жеке дара адвокат Замира Нұрдәулетқызы жұмыс істеді. Олар алимент өндіру, мүліктік даулар, неке қию және бұзу процестерінің заңдылықтарын түсіндірді. Көптеген тұрғындар үшін адвокаттың тегін кеңесі нағыз қажеттілік болды, себебі заңнамадағы өзгерістерді қарапайым халыққа түсінікті тілмен жеткізу — құқықтық мәдениетті арттырудың төте жолы екені бесенеден белгілі.
Салтанат Алиева (Жұмыспен қамту бөлімі) және Бағдат Ізбасарова (Мансап орталығы) азаматтарды мемлекеттік гранттар, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) және бос жұмыс орындары туралы ақпараттандырды. Жұмыссыз жүрген жастар мен аналарға қайта даярлау курстары мен жаңа кәсіп бастаудың тетіктері көрсетілді. Ал, жеке сот орындаушы Полатпай Мұратбекұлы Орынбасаров сот шешімдерінің орындалуы, қарыздарды өтеу және шоттарды бұғаттан босату мәселелері бойынша сұрақтарға жауап берді. Ал «Қоғамдық келісім» КММ маманы Алия Оразбаевна Құрманбаева қоғамдағы татулық пен медиация мүмкіндіктерін насихаттады.
Күні бойы жүргізілген «Ашық есік» күнінің нәтижесінде 40-қа жуық азамат өз сұрақтарына нақты жауап алды. Келушілердің басым бөлігі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және психологиялық оңалту, мемлекеттік баспана кезегіне тұру және әлеуметтік төлемдер, алимент төлемеген әкелерден қарызды өндіру мен жеке кәсіпкерлікті дамытуға арналған қайтарымсыз гранттар алу.келесі мәселелер бойынша жүгінген. Орталыққа келген әрбір қызмет алушыға жеке көңіл бөлініп, мәселесінің күрделілігіне қарай сүйемелдеу карталары толтырылды. Бұл дегеніміз — бүгін кеңес алған азамат ертең тағдыр талқысында жалғыз қалмайды, оның мәселесі толық шешілгенше мамандардың бақылауында болады. Шара соңында қабылдауда болған қала тұрғындары ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді. «Көптен бері заңгер мен сот орындаушысына жете алмай жүрген едім. Мұнда барлық мамандар бір жерде отыр екен. Өте ыңғайлы. Психолог маманмен сөйлесіп, ішімдегі мұңымды тарқаттым. Осындай «Ашық есік» күндері жиі болып тұрса екен», — дейді қала тұрғыны, көпбалалы ана.
Кентау қалалық «Отбасын қолдау орталығы» мұнымен тоқтап қалмайды. Мекеме басшылығы мен мамандары алдағы уақытта да осындай көшпелі және ашық форматтағы кездесулерді тұрақты өткізуді жоспарлап отыр. Алдағы басымдықта, шеткері мөлтек аудандарға барып, «көшпелі қабылдаулар» ұйымдастыру, жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау бойынша семинар-тренингтер өткізу және цифрлық кеңес беру жүйесін дамыту арқылы тұрғындарға онлайн көмек көрсету мүмкіндігін кеңейту жолға қойылмақ. Бұл «Ашық есік» күні мемлекеттік органдар мен мамандардың бір мақсатқа — халыққа қызмет етуге жұмыла алатынын көрсетіп, бүгінгі Кентау қаласының әлеуметтік картасында игі істердің бірі болып қалары сөзсіз.

