Қазіргі таңда мемлекетіміздің алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі – жас ұрпақтың бойында биік адамгершілік құндылықтарды қалыптастырып, оларды жат қылықтар мен келеңсіз оқиғалардан қорғау. Болашақ тізгінін ұстар жастардың салауатты, білімді және жауапкершілігі жоғары болуы – тұрақты қоғамның кепілі. Осы орайда, кеше Д.Құрманбеков атындағы №20 колледжде «Келеңсіз оқиғалар мен жат қылықтардың алдын алу» тақырыбында өткізілген тренинг жастар саясаты мен әлеуметтік тәрбие бағытындағы кезекті нәтижелі қадам болды.
Колледж студенттері – тұлғалық қалыптасудың маңызды кезеңінде тұрған жастар. Бұл кезеңде олардың қоршаған ортаның әсеріне, түрлі жат ағымдар мен зиянды әдеттерге бейім болу қаупі жоғары. Сондықтан, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, алдын алу жұмыстарының маңызы өте зор. Сондықтан орталық мамандары ұйымдастырған тренинг тек ақпарат беруді ғана емес, студенттердің ішкі дүниесіне үңілуді, олардың мәселелерін тыңдауды және дұрыс бағыт-бағдар беруді мақсат етті. Д.Құрманбеков атындағы колледжде өткен басқосу жастардың еркін пікір алмасу алаңына айналды.
Тренингтің алғашқы блогы құқықтық сауаттылыққа арналды. Көп жағдайда жастар өздерінің жасаған іс-әрекеттерінің заңдық салдарын толық түсіне бермейді. «Кішігірім бұзақылық» немесе «ойын» деп қабылдаған әрекеттері ертеңгі күні олардың болашақ мансабына кедергі келтіруі мүмкін екені егжей-тегжейлі түсіндірілді. Мамандар студенттерге әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы мәліметтер берді. Әсіресе, қоғамдық орындардағы тәртіп, киберқылмыс және құқық қорғау органдарымен қарым-қатынас мәселелері талқыланды. Заңды білу – қорқыныш емес, ол – өзіңді және өзгелерді қорғаудың құралы. Студенттер заңға бағыну мәдениеттіліктің басты белгісі екенін ұғынды.
Бүгінгі қоғамдағы ең нәзік әрі күрделі мәселелердің бірі – ерте жүктіліктің алдын алу. Тренинг барысында бұл тақырып медициналық және психологиялық тұрғыдан жан-жақты қаралды. Ерте жүктілік тек денсаулыққа қауіп төндіріп қана қоймай, жас қыздың білім алуына, кәсіби өсуіне және әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізетіні ашық айтылды. Психологтар студенттермен «өзіңді құрметтеу» және «шекараны білу» тақырыптарында сөйлесті. Жауапкершілігі жоқ қарым-қатынастардың соңы үлкен өмірлік қиындықтарға әкеп соқтыратыны туралы шынайы мысалдар келтірілді. Бұл блок қыздар үшін де, ұлдар үшін де теңдей маңызды болды, өйткені отбасын жоспарлау мен ұрпақ саулығы – ортақ жауапкершілік.
ХХІ ғасырдың дертіне айналған нашақорлық, лудомания (құмар ойындарға тәуелділік), вейптер мен электронды темекілердің зияны туралы ақпарат студенттерге ерекше әсер етті. Синтетикалық есірткілердің бір рет қолданғаннан-ақ адам санасын улап, өмірін тас-талқан ететіні туралы деректі мәліметтер ұсынылды. Мамандар тәуелділіктің психологиялық себептеріне тоқталды. Көбінесе жастар стресстен қашу немесе «қызық көру» үшін зиянды әдеттерге бой алдырады. Тренинг барысында стрессті жеңудің баламалы жолдары, спортпен шұғылданудың пайдасы және «Жоқ» деп айта білу өнері үйретілді. Психологиялық тұрғыда мықты адам ғана сыртқы қысымға төтеп бере алады. Тренингтің ерекшелігі – оның форматтық еркіндігінде болды. Студенттер тек тыңдаушы емес, белсенді қатысушыға айналды. Түрлі интерактивті жаттығулар арқылы қатысушылар қиын жағдайлардан шығу жолдарын модельдеді. Қатысушыларға түрлі өмірлік сценарийлер беріліп, олар дұрыс және бұрыс жолдардың салдарын талқылады. Студенттер өздерін мазалайтын мәселелерді ортаға салып, мамандардан тікелей жауап алды. Достардың теріс әсеріне қалай қарсы тұру керектігі іс жүзінде көрсетілді. Мұндай әдістер жастардың сыни ойлау қабілетін дамытып, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға көмектеседі. Жастар өз ойларын ашық айту арқылы қоғамдағы келеңсіздіктерге өздерінің де қарсы екендігін білдірді.
Іс-шараның басты мақсаты – жастардың өз өміріне деген жауапкершілігін ояту. Студентке «бұлай істеме» деп тыйым салғаннан көрі, «бұлай істесең, өмірің қалай өзгереді?» деген сұраққа жауап іздету әлдеқайда тиімді. №20 колледж студенттері тренинг соңында өздерінің болашақ мақсаттары мен құндылықтарын қайта қарауға мүмкіндік алды.
Д.Құрманбеков атындағы №20 колледжде өткен тренинг – жастардың жарқын болашағына құйылған инвестиция. Егер біз бүгін әрбір студенттің жүрегіне адамгершілік пен жауапкершілік дәнін еге алсақ, ертең соның жемісін көреміз.

