Кез келген мемлекеттің болашағы — бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың қолында. Алайда, тағдырдың жазуымен немесе әртүрлі әлеуметтік факторлардың әсерінен «өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар» санаты бүгінгі қоғамның ең нәзік әрі ерекше назарды қажет ететін тұсы болып қалуда. Осы маңызды мәселені шешу мақсатында 2026 жылдың 23 сәуірінде Сауран ауданы, С.Рахимов атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында «Өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар» тақырыбында кең ауқымды дөңгелек үстел өтті. Бұл шара — жас ұрпақтың тағдырына бей-жай қарамайтын мамандардың басын қосқан мазмұнды алаңға айналды.
Сауран аудандық білім бөлімі Әдістемелік кабинетінің жылдық жоспарына сәйкес ұйымдастырылған бұл жиында өмірлік қиын жағдайға ұшыраған баланың қалыпты тіршілігіне нұқсан келтіретін, өз бетінше еңсере алмайтын жағдайлар жиынтығы сөз болды. Жалпы, қиын жағдайға душар болуға — жетімдік, ата-ана қамқорлығынсыз қалу, отбасындағы зорлық-зомбылық, денсаулықтың нашарлауы немесе әлеуметтік аз қамтылған орта жатады.
Бүгінгі таңда С.Рахимов атындағы мектептің білім ордасы осындай санаттағы балалармен жұмыс істеуде өзіндік тәжірибесі бар және ауданның әдістемелік орталығы ретінде танылуда. Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты — балаларға тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетудің тиімді алгоритмін жасау болды. Ведомствоаралық байланыстың жоғары деңгейде өтуіне қатысушылардың құрамы кепіл болды. Жиынға білім бөлімінің әдіскерлері, отбасын қолдау орталығының басшысы, мектеп инспекторлары және ауданның барлық мектептерінен жиналған әлеуметтік педагогтар қатысты. Бұл — мәселенің тек білім саласы аясында емес, құқық қорғау және әлеуметтік қорғау салаларымен тығыз байланыста қарастырылғанын көрсетеді.
Отбасын қолдау орталығының басшысы өз сөзінде отбасылық кикілжіңдер мен материалдық жетіспеушіліктің баланың психологиясына тигізетін зардаптарын атап өтті. Ал мектеп инспекторы балалардың құқықбұзушылыққа бой алдырмауы мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заңдық тетіктерін түсіндірді. Әлеуметтік педагогтар болса, күнделікті жұмыс барысында кездесетін нақты келеңсіз жағдайларды ортаға салып, тәжірибе алмасты.
Жиынның басым бөлігі баланың ішкі әлеміне, оның психологиялық тұрақтылығына арналды. Өмірлік қиын жағдайға тап болған бала көбінесе тұйық, ашушаң немесе өзіне сенімсіз келеді. Осындай баланы қоғамға бейімдеу үшін тек материалдық көмек жеткіліксіз болғандықтан, мамандар талқылаған тиімді әдіс-тәсілдер топтамасына тоқталсақ, баланың ішкі қорқынышын шығармашылық арқылы шығару. Әрбір баламен жеке даму жоспарын құру. Баланың өз мәселесін қорықпай айта алатын ортасын қалыптастыру.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасының «Бала құқықтары туралы» Заңы мен халықаралық конвенциялардың талаптары талқыланды. Өмірлік қиын жағдайға тап болған бала — бұл құқығы бұзылуға ең жақын санат. Сондықтан мектеп пен әлеуметтік мекемелердің басты міндеті — баланың білім алуға, демалуға және зорлық-зомбылықсыз өмір сүруге деген құқығын қорғау. Әлеуметтік педагогтар баланың құжаттарын рәсімдеу, жәрдемақы алуға көмектесу және олардың жазғы демалысын ұйымдастыру сияқты техникалық, бірақ өте маңызды мәселелерді көтерді. Әрбір баланың тағдыры — бұл жеке тарих, сондықтан оған атүсті қарауға болмайтыны баса айтылды. Саурандық педагогтар осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін бір ауыздан қолдады.
С.Рахимов атындағы мектептің әлеуметтік педагогтары өздерінің жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Олар қолданатын «Отбасылық визит» карталары мен «Баланың әлеуметтік паспорты» жүйесі басқа қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Цифрландыру заманында осындай мәліметтер базасын дұрыс жүргізу — баланың мәселесін ерте анықтауға мүмкіндік беретіні түсінікті. Сонымен қатар, аудандық деңгейде «Меценаттар клубын» құрып, қиын жағдайдағы балаларға демеушілік көрсету мен ата-аналармен жұмыс істейтін «Жанұялық кеңес» алаңдарын көбейту және қиын балалармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби біліктілігін тұрақты көтеріп отыру сияқты қатысушылар тарапынан ұсыныстар да айтылды.
Жиын соңында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың нақты бағыттары айқындалды. Дөңгелек үстелдің қарарына сәйкес, Сауран ауданында өмірлік қиын жағдайдағы балалардың бірыңғай мониторингі күшейтілетін болды. Әрбір мектепте «Қамқорлық» акцияларын жүйелі түрде өткізу, психологиялық қызметтің жұмысын сапалы жаңа деңгейге көтеру және қиын жағдайдағы балаларды үйірмелер мен спорттық секцияларға тегін тартуды 100 пайызға жеткізу қажеттігі қабылданды.

