Генерал — майор Қуанар Бекенұлы Базарбаевтың өмір жолы мен қызметтік тәжірибесі — өскелең ұрпақ пен жас мамандар үшін нағыз мектеп. Қарапайым өрт сөндірушіден бастап, елорданың Төтенше жағдайлар департаментінің тізгінін ұстаған, ал бүгінгі таңда үшінші мегаполис Шымкент қаласындағы еңбек жолы — қажырлы еңбек пен кәсібилікке адалдықтың жарқын үлгісі десек артық айтқандық емес.
Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғау органдары — ел қауіпсіздігі мен тыныштығының алғы шебінде тұрған маңызды құрылым. Осы салада табаны күректей қырық жылға жуық абыройлы қызмет атқарып келе жатқан мемлекеттік қызметкердің бірі — әскеи қызмет саласының үздігі Қуанар Бекенұлы Базарбаев.
Қуанар Бекенұлының әскеи саладағы қызметімен танысы отырып, өрт ішінде шыңдалған мінез екенін айна қатесіз танисың. басталды. Ол өз жолын 1992 жылы ең төменгі сатыдан — қатардағы өрт сөндірушіден бастады. Бұл кезең оның болашақ басшы ретіндегі мінезін қалыптастырып, құтқару ісінің ішкі тетіктерін, қиындығы мен жауапкершілігін терең сезінуіне мүмкіндік берді.
1994-2000 жылдар аралығында Петропавл қаласында инспектор, кезекші өрт сөндіру қызметінің басшысы және күзет бекетінің бастығы секілді маңызды лауазымдарды атқарды. Ал 2000-2005 жылдары Петропавл қаласындағы өрт сөндіру бөлімдерін тікелей басқарып, ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті.
Тәжірибесі толысқан маманның біліктілігі жоғары бағаланып, ол жауапты басшылық қызметтерге тағайындала бастады.
* 2005-2012 жылдары: Солтүстік Қазақстан облысының «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесін басқарды. Бұл жылдары өңірдегі техникалық базаның нығаюына және құтқарушылардың жедел әрекет ету дағдыларын арттыруға үлкен үлес қосты.
* 2012-2015 жылдары: Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары қызметінде стратегиялық жоспарлау мен алдын алу шараларын үйлестірді.
* 2015-2020 жылдары: Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы. Каспий жағалауындағы бұл стратегиялық өңірде Қуанар Бекенұлы өнеркәсіптік қауіпсіздік пен табиғи апаттардың алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар атқарды.
Қуанар Базарбаевтың кәсіби жолының маңызды белесі — 2020-2023 жылдар аралығындағы Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы лауазымы. Ел орталығының қауіпсіздігіне жауапты болу — үлкен сенім мен зор жауапкершілік. Осы кезеңде ол елорданың өрт қауіпсіздігі жүйесін заманауи технологиялармен жарақтандыруға, жеке құрамның кәсіби деңгейін көтеруге және халықпен кері байланыс орнатуға ерекше көңіл бөлді.
2023 жылдан бері Шымкент қаласының ТЖД бастығы генерал-майор
Қуанар Бекенұлы Базарбаевпен әңгімелесудің сәті түсіп, Шымкент мегаполисінің қауіпсіздік белесі мен ТЖД 2025 жылды қалай қорытындылағаны жайында тарқатсақ.
Ия, Шымкент – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан мегаполистердің бірі. Қала аумағының кеңеюі мен халық санының артуы төтенше жағдайлар қызметіне артылатын жауапкершілікті де еселей түсті. 2025 жыл Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті үшін ауқымды жаңғыру, техникалық қайта жарақтандыру және әлеуметтік қолдау жылы ретінде тарихқа енді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша қала аумағында жалпы саны 472 төтенше жағдай тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 14,6 пайызға өскенін көрсетеді. Әсіресе, өрт оқиғаларының 15,8 пайызға артуы сала мамандарынан жедел әрекет ету мен алдын алу шараларын күшейтуді талап етті. Дегенмен, Департамент тарапынан жоспарланған барлық іс-шаралар 100 пайыз орындалып, бөлінген бюджеттік қаражат нысаналы түрде толық игерілген.
«2025 жылдың басты жаңалығы – Таскен, Сәуле шағын аудандары мен Елтай тұрғын алабында үш бірегей шұғыл қызмет кешенінің құрылысы аяқталды. Бұл кешендерде Төтенше жағдайлар, жедел жәрдем және полиция қызметтері бір жерде орналасқан. Мұндай формат оқиға орнына жету уақытын айтарлықтай қысқартып, зардап шеккендерге көмек беру тиімділігін арттырады»,- дейді Қуанар Бекенұлы.
Бұдан бөлек, азаматтық қорғау қызметкерлеріне арналған заманауи медициналық орталық ашылып, зерттеу өрт-сынақ зертханасы мен ангар типтес үш қойма пайдалануға берілсе, №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне жөндеу жүргізіліп, спорт алаңы салынды.
Мегаполис қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен шамамен 1,2 млрд теңге бағытталды. Осы қаражатқа 55 бірлік жаңа техника, соның ішінде Жылжымалы басқару пункті (КШМ) сатып алынды.
Бүгінгі таңда, Төтенше жағдайлар департаментінің авиациялық паркі айтарлықтай нығайды. ҚР ТЖМ қолдауымен қалаға L-410NG ұшағы берілді. Бұл ұшақ алыс қашықтықтарға барлау жүргізуге және құтқару жұмыстарын әуеден үйлестіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қала бойынша 236 сирена-сөйлейтін құрылғы орнатылып, халықты құлақтандыру жүйесі толық жаңартылды. Қазіргі таңда «Mass Alert» жедел хабарландыру жүйесіне қосылу жұмыстары жүруде.Төтенше жағдай кезінде алдыңғы шепте жүретін құтқарушылардың әлеуметтік жағдайына ерекше көңіл бөлінуде екен.
«Қамқор» бағдарламасы аясында 30 қызметкер жаңа пәтерге ие болды. 537 қызметкер мен олардың 1 330 отбасы мүшесі тұрғын үй төлемдерімен қамтылды. Жеке құрам үшін 470 заманауи өрт сөндіруші киімі мен 200 тыныс алу аппараты сатып алынғанынан генерал-майор хабардар етті.
Ағымдағы жылға арналған жоспардың ауқымдылығы құптарлық екен. Атап айтқанда, Тұран шағын ауданында жаңа өрт сөндіру депосы мен Бозарық-3, Жаңаталап аудандарында жедел қызмет кешендері ашылмақ.
Ең бастысы, Шымкент агломерациясын дамыту жоспарына сәйкес, тағы 5 жедел қызмет кешенін салу жоспарланып отыр (Шымкент Сити, Ақжар, Базарқақпа, Қайнар бұлақ, Жаңа Тұрлан). Сондай-ақ, әуежай аумағында авиациялық техникаға арналған арнайы ангар бой көтереді.
Түйін: 2025 жылғы көрсеткіштер Шымкент ТЖД-нің тек сандық емес, сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін дәлелдейді. Заманауи техникамен қаруланған, әлеуметтік тұрғыдан қорғалған және инфрақұрылымы дамыған құтқару қызметі – үшінші мегаполис тұрғындарының қауіпсіздігінің басты кепілі. Оның үстіне қарамағындағы жеке құрамға түсіністікпен қарап, олардан тек тәртіп пен жауаптылықты талап ететін генерал-майор Қуанар Бекенұлына ұжымның құрметі де ерекше екенін көзбен көріп, сүйсіндік. Неге десеңіз, өз ісіне берілгендіктің, табандылықтың және отансүйгіштіктің символын қалыптастырған департаменттің жетістігі, қаламыздың тыныштығы мен қорғаны болары сөзсіз.
Себебі, «Өрт сөндіруші болу — бұл мамандық емес, бұл — тағдыр».

