Түркістан қаласы білім бөлімінің №34 жалпы білім беретін мектебі «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында оқушыларға заманауи білім беру мүмкіндіктерін кеңінен ұсынып келеді. Аталған жоба мектепте 3D модельдеу және 3D принтермен жұмыс бағыттарын жүйелі түрде дамытып, оқушылардың болашақ мамандықтарға ерте бейімделуіне жол ашуда.
Бүгінде оқушылар әлемде кең қолданылатын Tinkercad платформасында жеке жобаларын әзірлеп, тұрмыстық және оқу үдерісіне қажетті брелоктар, қаламсалғыштар, шағын макеттер мен ойын элементтерін модельдеуде. Ең бастысы — дайын сызбалар 3D принтер арқылы басылып, оқушылар өз идеяларының нақты нәтижесін көріп, тәжірибе арқылы білім алады. Бұл «Келешек мектеп» жобасының басты артықшылықтарының бірі.
3D модельдеу сабақтары оқушылардың инженерлік ойлауын, кеңістіктік қиялын, логикалық және шығармашылық қабілеттерін дамытып қана қоймай, зерттеушілік дағдыларын да қалыптастырады. Мұндай мүмкіндіктер ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған «Келешек мектеп» тұжырымдамасының нақты көрінісі болып отыр.
Алдағы уақытта №34 мектеп оқушылары өз жобаларын ғылыми-зерттеу байқаулары мен инновациялық көрмелерде ұсынуды жоспарлауда. Мектеп басшылығы бұл бағытты оқушылардың IT, инженерия және техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттыратын, болашаққа жасалған маңызды инвестиция ретінде бағалап отыр.

