Түркістан қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің акт залында білім мен өнердің, ұлттық құндылықтар мен заманауи педагогиканың тоғысқан сәті – «Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында ұлттық құндылықтар мен заманауи әдіс-тәсілдерді ұштастыру» тақырыбындағы қазақ тілі мен әдебиеті пән апталығының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.
Бұл ауқымды шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру, қазақ халқының бай мәдени мұрасын, ұлттық рухты насихаттау және осы үдерісте білім берудің заманауи әдістерін интерактивті тақта, цифрлық ресурстар, жобалық оқыту арқылы кеңінен талқылау. Апталық қазақ тілінің тек оқу пәні ғана емес, ұлттың жаны, рухани қазынасы екенін насихаттауға бағытталған.
Ашылу салтанаты ерекше патриоттық рухта өтті. Мектеп басшылығы мен ардагер ұстаздар апталықтың маңызын атап өтіп, оқушыларды ана тілін құрметтеуге және оның теңдесіз қасиетін ұлықтауға шақырды.
Оқушылар Абай, Мұқағали, Фариза сынды ұлы тұлғалардың өлеңдерін мәнерлеп оқып, жиналған қауымға рухани азық сыйлады.
Қазақ ертегілері мен тарихи оқиғалардан алынған шағын көріністер сахналанды. Бұл көріністер ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді және тарихи сананы жаңғыртты.
Домбыраның қоңыр үнімен орындалған күйлер мен қазақтың дәстүрлі әндері мерекенің ажарын ашып, оқушыларға ерекше әсер қалдырды.
«Қазақ тілі мен әдебиеті – ұлттық бірегейлігіміздің өзегі. Бүгінгі шара – осы өзекті бекітуге, оқушылардың санасына ана тіліне деген сүйіспеншілік ұрығын себуге жасалған үлкен қадам», – деп атап өтті мектеп директоры өз сөзінде.
Апталық аясында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен бірқатар танымдық және білімділік іс-шаралар жоспарланды. Атап айтқанда, «Тіл – өнер» шығармашылық байқауы, оқушылардың жазу және сөз саптау шеберлігін дамытуға бағытталған. Интеллектуалдық сайыстар мен викториналар, тілдік білімді, әдебиет тарихын тереңдету, ой-өрісін кеңейту. «Ұстаз – ұлы тұлға» ашық сабақтар, заманауи әдіс-тәсілдерді көрсету, тәжірибе алмасу.
Пән апталығы білім алушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін ашуға, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға зор мүмкіндік берді.
Барша қатысушыларға, ұйымдастырушы мұғалімдерге және білімге құштар оқушыларға шығармашылық шабыт пен сәттілік тілейміз! Қазақ тілінің мерейі үстем болсын!

