Түркістан қаласындағы №35 жалпы білім беретін мектеп КММ-де мектеп директоры Маржан Жансейітқызының тікелей қолдауымен 2025 жылдың 5 желтоқсанында білім ордасының оқушыларына арналған ауқымды «Достық» ұйымы жобасының бастамасы жарияланды. Бұл жобаның негізгі мақсаты – оқушылар арасындағы достық, ынтымақтастық және бірлік қарым-қатынастарын нығайту, сондай-ақ, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыру.
«Достық» жобасы аясында бірнеше кіші ұйымдар құрылды, олар: «Адал достар», «Бірлік шамы», «Татулық» және «Достық көпірі». Бұл топтардың әрқайсысының өз бағыты мен мақсаты бар, бірақ оларды біріктіретін басты құндылық – бірлік пен өзара құрмет.
«Дос болайық» бағдарламасы аясында құрылған осы ұйымдар арасында достықты нығайтуға бағытталған алғашқы ауқымды шара – «Жұлдызды сәт» кеші жоғары деңгейде өтті. Бұл кеш оқушылардың тек білімділігін ғана емес, сонымен қатар, шығармашылық және ұйымдастырушылық қабілеттерін де көрсетуге мүмкіндік берді.
Кеш барысында әр топ өздерінің патриоттық рухын, өнерге деген құштарлығын, бірлік пен татулықты дәріптейтін шығармашылық нөмірлерін көпшілікке паш етті. Сахнада ән, би, көріністер және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған өнер түрлері орындалып, Отанға деген сүйіспеншіліктерінен жыр шашу шашты. Балалар өздерінің бойға біткен таланттарын айшықтап, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Оқушылардың белсенділігі, шығармашылық деңгейі және сахна мәдениеті олардың жобаға деген ынтасын және ортақ мақсатқа жету жолындағы талпынысын көрсетуге ықпал етті.
Байқау нәтижесінде «Бірлік шамы» мен «Адал достар» ұйымдары үздік нәтиже көрсетіп, көш бастап тұрды. Бұл олардың дайындығының сапалылығын, еңбегінің жоғарылығын және ұйымшылдығының айқын дәлелі.
Мектеп директоры Маржан Жансейітқызы сөз кезегінде: «Достық жобасы – бұл тек үйірме емес, бұл біздің мектептегі қарым-қатынас мәдениетінің іргетасы. Біз әр оқушының өзін қауіпсіз, әрі бағалануын және маңызды сезінуін қалаймыз. Бүгінгі кеш мектебіміздегі ынтымақ пен бірліктің қаншалықты қуатты екенін көрсетті».
Мектеп әкімшілігі мен ұйымдастырушылар алдағы уақытта басқа топтардың да белсенділік танытып, бұдан да үлкен жетістіктерге жетеріне зор сенім білдірді. Барша ұйымдарға сәттілік пен жеңіс тілей отырып, бұл жобаның мектеп өміріндегі басты дәстүрлердің біріне айналатынына үміт артатындықтарын жеткізді.
Бұл ауқымды шараны жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан ұйымдастырушылар мен жетекшілерге және балаларына үнемі қолдау көрсетіп жүретін белсенді ата-аналарға мектеп әкімшілігі зор алғыс білдірді. Олардың бірлескен жұмысы оқушылардың тұлға болып қалыптасуына елеулі үлес қосатынына сенім мол.

