Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қаланың өзекті мәселелері мен атқарылған жұмыстардың нәтижесі қаралған кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиында қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуден бастап, инфрақұрылымды дамыту және кәсіпкерлік саласындағы жетістіктерге дейінгі бірқатар маңызды тақырыптар талқыланды.
Мәжілісте Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрболат Кенжебаевтың баяндамасы тыңдалды. Ол өз баяндамасында, қаладағы азаматтық қорғау саласының деңгейінің жақсарғаны мен 2025 жылы азаматтық қорғау саласындағы оқу-жаттығулар саны 2 595-ке жетіп, 43 пайызға артқаны жайында қозғады.
Бұл төтенше жағдайларға дайындықтың жоғарылағанын көрсетеді. Қалалық нысандардың қауіпсіздік деңгейі бойынша 604 нысан – жоғары, 87 нысан – елеулі және 11 206 нысан – елеусіз тәуекелді нысандар деп танылған.
Жыл басынан бері 145 тексеру жүргізілсе, оның 53 пайызы профилактикалық, 47 пайызы жоспардан тыс тексерулер. Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 462-бабы 3-бөлігі бойынша 8 тұлғаға айыппұл салынған.
Қала әкімі Ішкі саясат бөлімімен бірлесіп, алдағы Жаңа жыл мерекесі кезінде қоғамдық орындарда полиция нарядтарын күшейтуді және қауіпсіздік хабарламаларын тұрғындарға кеңінен насихаттауды тапсырды.
Тұрмыстық газ инфрақұрылымын дамыту және қауіпсіз пайдалану мәселесі «Газ инспекциясы» КММ деректері негізінде талқыланды. Бүгінде табиғи газға қосылған абоненттер саны 46 270-ке жетті, оның ішінде жеке үйлер – 33 833, көпқабатты үйлер – 12 437.
Жыл басынан бері 43 626 абонент тексеріліп, 40 770 пайдаланушы газды дұрыс пайдаланып отыр. Алайда, 2 856 кемшілік анықталған.
Кәсіпкерлік нысандар бойынша 847 объектінің 189-ы тексеріліп, 45 нысанда кемшілік табылды, оның 28-і толық жөнделді. Мектептер мен балабақшаларда газ қауіпсіздігі бойынша арнайы ескертулер мен рейдтік шаралар тұрақты жүргізілуде.
Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Ақжігітұлы өңірдегі даму бағыттары бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Қалада кәсіпкерлік және туризм саласында 13 функция бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Қолөнершілерді қолдау бағдарламасы іске қосылып, олардың шығындарының 25 пайызына дейін субсидия беріледі. Сауда объектілерін орналастыру қағидалары мен гид-экскурсоводтарды оқыту бағдарламалары талқыланды.
Сонымен қатар, Сәулет және қала құрылысы бөлімі орталықтағы нысандардың дизайн-кодқа сәйкестігін қадағалау жұмыстарын жалғастыруда. Қала әкімі орталықтағы нысандардың дизайн-кодқа сәйкестігін қадағалап, түзету мерзімдерін белгілеп, мерзім бұзылған жағдайда қосымша шаралар қолдануды тапсырды. Сондай-ақ, Ішкі саясат бөлімімен бірлесіп, базар аумағында және ішкі көшелерде жаңартылған тақырыптық баннерлер орнату жұмыстарын күшейту жүктелді.
Жиынды қорытындылай келе, қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы барлық бөлім басшыларына берілген тапсырмалардың мерзімінде және нақты орындалуы қажеттігін қатаң ескертті. Ол сөз кезегінде: «Әрбір кемшілік, мейлі ол газ қауіпсіздігіндегі ақау болсын, мейлі қаланың эстетикалық келбетіне қатысты дизайн-кодты бұзу болсын, қаланың дамуына және тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан, жауапкершілікті күшейтіп, нәтижелі жұмыс істеуіміз керек», – деп атап өтті.
Бұл аппараттық мәжіліс Түркістан қаласының алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындап, оларды шешудің нақты жоспарларын белгіледі.

