Түркістан қаласының тұрғындары үшін аптаның әр жұма күні тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының кезекті жәрмеңкесі өтті. Қаланың 1-мөлтек ауданындағы атақты Ататүрік мектебінің жанында ұйымдастырылған бұл сауда-саттық тұрғындарды қажетті әрі сапалы өнімдермен нарықтағы бағадан 30-40 пайызға төмен бағада қамтамасыз етілді.
Бұл жәрмеңке Түркістан қаласындағы әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісі болып келеді. Жәрмеңкені өткізудегі басты мақсаты – қала тұрғындарына, әсіресе әлеуметтік осал топтарға, негізгі азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен ұсыну арқылы аймақтағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайту. Бұл жолғы жәрмеңкедегі бағалар тқтынушылардың көңілінен шықты. де өз міндетін толық атқарды. Нарықтағы бағадан 30-40 пайызға дейін төмен болған азық-түлік өнімдері қала халқының қалтасын қақпай, керісінше үнемдеуге септігін тигізді.
Жәрмеңкенің ойдағыдай ауқымды өтуіне атсалысқандар – өз өнімдерін тікелей сату арқылы бағаны айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берген аудан шаруалары, өнімдердің сапасы мен бағасын бақылауда маңызды рөл атқарған «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ы және нарықтағы сұранысқа ие басқа да маңызды тауарларды ұсынған жергілікті кәсіпкерлер. Бұл бірлескен жұмыс қала тұрғындарына ет-сүт өнімдері, көкөніс, бақша дақылдары және басқа да азық-түлік тауарларының кең ассортиментін ұсынуға мүмкіндік берді.
Жәрмеңкеге келген тұрғындар жалпы алғанда 30 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алды. Бұл көрсеткіш жәрмеңкенің тұрғындар арасында қаншалықты жоғары сұранысқа ие екенін айқындады. Тұрғындар ең қажетті тауарларды келесі тиімді бағалармен сатып ала алды. Атап айтқанда, картоп – 160 теңге, пияз – 100 теңге, сәбіз – 140 теңге, қырыққабат – 100 теңгеден ұсынылды. Сондай-ақ, тауық еті – 1100 теңгеден, күнбағыс майы 700 теңгеден, нан 80 теңгеден, жұмыртқа 45 теңгеден тұрғындарға сатылды. Бұл бағалар, әсіресе қыс мезгілі жақындаған сайын, отбасылық бюджетті айтарлықтай жеңілдетеді. Мысалы, картопты 160 теңгеден, пиязды 100 теңгеден алу – нарықтық бағамен салыстырғанда айырмашылығы жермен көктей.
Жәрмеңкеге қатысқан тұрғындар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Азық-түліктің сапалы және бағасының төмен болуы адамдардың көңілінен шықты. Әсіресе зейнеткерлер мен көпбалалы аналар мұндай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті. Жәрмеңке барысында ұзын-сонар кезектер байқалғанымен, бұл халықтың қолжетімді өнімдерге деген сұранысының жоғары екенін көрсетті.
Қала билігі бұл әлеуметтік жобаның табыстылығын ескере отырып, алдағы уақытта да жәрмеңкені тұрақты түрде ұйымдастыруға міндеттенді. Бұл – Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Жәрмеңке тек сауда орны ғана емес, сонымен қатар шаруалар мен тұтынушыларды тікелей байланыстыратын және жергілікті өнімдерді қолдауға бағытталған тиімді алаң болып қала бермек.

