Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы халықпен көшпелі кездесулер сериясын жалғастыруда. Бұл жолы қала басшысы Яссы секторының тұрғындарымен кездесіп, аумақта атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады, сондай-ақ тұрғындардың өтініш-ұсыныстарын тікелей тыңдады. Бұл формат халық пен билік арасындағы сенімді нығайтып, мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.
Қала басшысы бұған дейінгі Яссы секторы тұрғындарымен кездесуде көтерілген мәселелердің орындалу барысына егжей-тегжейлі тоқталды. Жалпы 23 мәселе көтерілген болса, 8 мәселе дер кезінде толық шешімін тапқан. 15 мәселе кезең-кезеңімен, заң аясында іске асырылу үстінде.
Бұл нәтиже әкімдіктің тұрғындардың талап-тілектерін құжат жүзінде ғана қалдырмай, оларды іс жүзінде орындауға басымдық беріп отырғанын көрсетеді.
Яссы секторының тұрғындары үшін ең өзекті мәселелердің бірі — инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жетілдіру. Бүгінде Яссы мөлтек ауданындағы ауыз сумен қамту деңгейі 99,5 пайызды құрайды, бұл өте жоғары көрсеткіш. Дегенмен, кәріз жүйесін жақсарту мақсатында екі ірі жоба іске асырылуда. Соның бірі — «Яссы және Ыждыхат тұрғын үй массивтерін сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысы» жобасы. Бұл жоба толық аяқталғанда Оралман аумағындағы ескі желілер мен насостар жаңартылып, кәріз жүйесінің жұмысы тұрақты әрі сенімді болады.
Электр желілеріндегі апатты жағдайлардың алдын алу үшін ауқымды жоспар жасалған. 2026 жылы жоғары кернеулі желілерге «реклоузер» құрылғыларын орнату және 6 жаңа тарату пунктін салу көзделген. Бұл шараның нәтижесінде апатты жағдайлар саны 40–50 пайызға азаяды деп күтілуде.
Қала басшылығы тұрғындардың демалысын ұйымдастыру және жастарды салауатты өмір салтына тарту мақсатында абаттандыру жұмыстарына басымдық беруде. Кентау тасжолының бойында жаңа балалар ойын алаңы пайдалануға берілген. Алдағы айда Хақназар хан көшесіндегі жабық футбол алаңы да жасөспірімдердің игілігіне беріледі. Көккөл, Пальма сквері, Жолбарыс хан және өзге де көшелердегі 15 ойын және воркаут алаңы жөндеуден өткізілді.
Бұл жұмыстар Яссы секторының тұрғындары үшін спортпен шұғылдануға және бос уақытты тиімді өткізуге қолайлы жағдай жасауды көздейді.
Жол инфрақұрылымын дамыту — қала әкімдігінің басты назарындағы мәселе. Биылғы жоспар шеңберінде 70 шақырымнан астам 89 көшеде асфальт төсеу жоспарланса, оның 84 көшесінде жұмыс толық аяқталған.
Сонымен қатар, қоғамдық көлік инфрақұрылымы да жақсартылуда. Қала аумағындағы аялдамалар саны 683-ке жеткен. Биылғы жылы Яссы секторына қосымша 34 жаңа аялдама орнатылып, тұрғындардың қоғамдық көлікке қолжетімділігі артқан.
Кездесу соңында қала әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, көтерілген әрбір мәселе бойынша жауапты сала басшыларына нақты мерзімді тапсырмалар жүктеді. Әзімбек Пазылбекұлы әрбір өтініштің назардан тыс қалмай, кезең-кезеңімен шешілетінін тағы да атап өтті.
Қала әкімінің көшпелі кездесулері жалғасады: 14 қараша күні сағат 10:30-да Шауғар секторының тұрғындарымен Б. Момышұлы атындағы жалпы орта мектепте кезекті диалог өтеді. Бұл жүйелі жұмыс Түркістан қаласының тұрақты дамуының және халық мүддесінің басымдығының кепілі болып табылады.

