Тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, алға бастай білетін әкімді нағыз әкім деуге болады. Ел Президенті ауыл әкімдерінің диалог-платформасында «ауыл басшылары» жайлы дәл осындай түсінік берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жыл өткен сайын халықтың талап-тілегі артып келеді. Бұл – бүкіл әлемге ортақ үрдіс. Әкімдер халыққа құрметпен, шыдамдылықпен, түсіністікпен қарап, азаматтармен ашық әңгіме жүргізуге тиіс.
«Олар барлық мәселені мүмкіндігінше өз деңгейінде шұғыл және сапалы шешуі қажет. Бірақ бұл міндетті атқару үшін жергілікті әкімдердің қолында тиісті құзыреті болуы керек. Атқарылып жатқан жұмыстың мән-жайын үнемі жұртқа түсіндіріп отырған жөн. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген. Әрине, айтылған ұсыныс-пікірге назар аудару керек. Бірақ әркімнің, әсіресе, іс-әрекеті ерсі, ниеті теріс, тіпті, арандатушы адамдардың ығына жығылмай, жетегінде кетпей, ақылға қонымды ұсынысты ғана қабылдау қажет. Негізі, бұл – барлық деңгейдегі әкімдерге ортақ ұстаным. Тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, алға бастай білетін әкімді нағыз әкім деуге болады. Мен жақында «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл – әрбір мемлекеттік қызметшінің, әсіресе әкімдердің жұмысына бағдар беретін өте маңызды құжат»,-деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының басымдық берілген талаптары бағытында өткен жиында,
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте қала өмірінің бірқатар маңызды бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы міндеттер айқындалды. Жиынның басты назарында өрт қауіпсіздігі, газ инфрақұрылымы, «ақылды аялдамалар» және «Ерекше мәртебе» Заңы аясындағы жұмыстар тұрды.
Төтенше жағдайлар бойынша оқу-жаттығулар саны артып, тәуекелді нысандар анықталды. Айта кетерлігі, Түркістан қаласының тұрғындары мен нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі баяндамада ерекше орын алды. Төтенше жағдайлар басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Кенжебаев Нұрболаттың мәліметінше, 2025 жылы азаматтық қорғау саласындағы оқу-жаттығулар саны айтарлықтай өсіп, 2 595-ке жеткен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 43 пайызға артық.
Алайда, қаладағы нысандардың қауіпсіздік деңгейіне қатысты сараптама нәтижесі мұқият назар аударуды талап етеді. Атап айтқанда, жоғары тәуекелді – 604 нысан болса, елеулі тәуекелді – 87 нысан, ал елеусіз тәуекелді – 11 206 нысанды құраған.
Ағымдағы жылы жалпы 145 тексеру жүргізіліп, оның 53 пайызы профилактикалық, 47 пайызы жоспардан тыс болды. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 462-бабы 3-бөлігі бойынша 8 тұлғаға айыппұл салынған.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында Ішкі саясат бөліміне, базар аумағында және ішкі көшелерде жаңартылған тақырыптық баннерлер орнатуды, жаңа жыл мерекесі кезінде қоғамдық орындарда полиция нарядтарын күшейтуді, қауіпсіздік хабарламаларын қала тұрғындарына кеңінен насихаттауды тапсырды.
Газ қауіпсіздігі және инфрақұрылымды дамыту бойынша айта келе, тұрмыстық газ инфрақұрылымын дамыту және оның қауіпсіз пайдаланылуын бақылау – қала тұрғындарының өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін мәселе. «Газ инспекциясы» КММ ұсынған деректер бойынша, табиғи газға қосылған абоненттер саны 46 270-ке жеткен. Оның ішінде: жеке үйлер – 33 833, көпқабатты үйлер – 12 437 құраған.
Жыл басынан бері 43 626 абонент тексеріліп, оның 40 770-і газды дұрыс пайдаланып отырғаны анықталды. Алайда, 2 856 абонентте түрлі кемшіліктер тіркелген.
Кәсіпкерлік нысандары бойынша да тексерулер жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 847 объектінің 189-ы тексерілді. Оның ішінде, 45 нысанда кемшіліктер табылып, оның 28-і толықтай жөнделді.
Балалар мекемелеріндегі қауіпсіздікке баса назар аударылып, мектептер мен балабақшаларда газ қауіпсіздігі бойынша арнайы ескертулер жасалып, рейдтік шаралар жүргізілуде.
Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Ақжігітұлы өзінің баяндамасында қалада аталған екі салада 13 функция бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Қолөнершілерді қолдау бағдарламасы іске қосылып, олардың шығындарының 25 пайызына дейін субсидия беру қарастырылған. Сонымен қатар, сауда объектілерін орналастыру қағидалары мен гид-экскурсоводтарды оқыту бағдарламалары талқыланды.
Сәулет және қала құрылысы бөлімі қаланың орталық бөлігіндегі нысандардың дизайн-кодқа сәйкестігін бақылауды күшейтті. Сәйкессіздік анықталған нысандарға түзету мерзімдері белгіленді. Егер мерзімдер бұзылған жағдайда, қосымша әкімшілік шаралар қолданылатын болады.
Жиын соңында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы барлық бөлім басшыларына берілген тапсырмалардың мерзімінде және нақты орындалу қажеттігін тағы да баса айтты. Әкімнің сөзінше, әрбір анықталған кемшілік, ол газ қауіпсіздігіне қатысты болсын, немесе сәулеттік талаптарға қатысты болсын, қаланың дамуына және тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Аппараттық мәжіліс Түркістанның қауіпсіздігі мен инфрақұрылымын нығайту бойынша жүйелі жұмыстардың жалғасып жатқанын көрсетті.

