Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы сөйлеген сөзінде: «Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер.
Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Халқымыздың зияткерлік қуатын арттыруға белсене атсалысып жатсыздар. Білім тәрбиемен ұштасқанда ғана берекелі, сапалы болады. Білім мен тәрбие – кез келген қоғамның қос тұғыры. Бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Биылдан бастап елімізде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырыла бастайды. Бұл бағдарламаны барлық мектеп, соның ішінде жекеменшік мектептер де қолданады.
Ұлттық білім саласындағы тәрбие жұмысында біртұтас жүйе болуы керек. Жас ұрпақтың бойына жалпыұлттық құндылықтарды сіңіру қажет. Әрбір жас отаншыл, жасампаз, жаңашыл, білімпаз, еңбекқор, ұқыпты, үнемшіл болып өсуі керек. Сондай азаматтар ғана мәдениетті, қауіпсіз әрі «Заң мен тәртіп» үстемдік құратын қоғамның іргесін қаламақ.
Халқымыз «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтпаған. Ұрпақ тәрбиесінде ата-ана, мұғалім және мемлекеттік органдар бірге жұмыс істеуге тиіс. Себебі, жауапкершілік бәріне – ортақ. Хакім Абай да «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп айтқан. «Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады. Ал бұл үштіктің өзегінде – еңбекқорлық идеясы болуға тиіс. Жас ұрпаққа еңбексіз ешқандай игілік болмайтынын үнемі түсіндіріп айту керек. Қоғамда масылдыққа жол бермеу қажет. Себебі, бұл жол тек тығырыққа тірейді»,-деген еді.
Ел Президентінің Жолдауларын басымдыққа алған Түркістан қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицейінде, 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне байланысты ең ұлық мерекесі аталып өтілді. Сонымен қатар, осы айтулы датаға орай, болашақ Отан қорғаушылардың бағы мен бабын сынайтын әскери-қолданбалы спорт ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Шараның басты ұйымдастырушысы, мектеп-лицейдің алғашқы әскери және технологиялық дайындық (АӘТД) пәнінің мұғалім-ұйымдастырушысы Даулет Назарбековтың бастамасымен өткен бұл жарыс жастардың отансүйгіштік рухын асқақтатып, әскери дайындық деңгейлерін саралады. Мақсаты айқын, мұраты биік бұл спорттық-патриоттық шарада тек жеңімпаздарды анықтау ғана емес, сонымен қатар, Тәуелсіздік мерекесінің тарихын ұлықтап, ұлттың болашағы – жастардың қолында екенін сезіндіріп, тәуелсіз елдің ертеңгі күні білімді, жан-жақты дамыған, отансүйгіш ұрпақтың қалыптасуына байланыстығын насихаттау. Сондықтан біз үшін ең басты міндет – жас буынның бойына ұлттық рухты сіңіру, олардың келешекте еліміздің тұтастығы мен өркендеуі үшін қызмет етуіне жағдай жасау және патриоттық сезімдерін арттыру.
Отансүйгіштікке тәрбиелей отырып, жас ұрпақтың бойында өз еліне, жеріне деген мақтаныш сезімін ұялату. Болашақ сарбаздардың психологиялық және физикалық дайындығын нығайтып, сенім мен жауаптылықты қалыптастыру. Жасөспірімдерді спортқа, белсенді қозғалысқа баулу. Оқушылардың АӘТД пәні бойынша алған теориялық білімдерін практикада қолдану қабілетін арттыру. Әскери-қолданбалы спорт ойындары бірнеше күрделі кезеңнен тұрды. Қатысушылар әр кезеңде өздерінің нағыз жауынгерлік қасиеттерін көрсете білді. Атап айтқанда, саптық дайындық бойынша — командалардың бірыңғай қимылы мен тәртібі сыналды. АК-74 автоматын бөлшектеу және жинау: Мұнда оқушылардың шапшаңдығы мен қарумен жұмыс істеу ептілігі бағаланды. Күштік жаттығулар бағытында, турникке тартылу, белтемірдегі жаттығулар арқылы қатысушылардың физикалық төзімділігі тексерілді. Уақытқа жүгіру және эстафета аясында, командалық жұмыс пен жылдамдықты қажет ететін кезеңдер тартысты өтті. Сондай-ақ, алғашқы медициналық көмек бойынша, төтенше жағдайда зардап шеккендерге көмек көрсету дағдылары көрсетілді.
Жарыс барысында оқушылар тек жеке шеберліктерін ғана емес, сонымен қатар бір-біріне деген қолдауын, бірлік пен тұрақтылықты, ұйымшылдығын және командалық жұмыс дағдыларын паш етті. Әрбір сынып, әрбір қатысушы өз намысын емес, мектеп-лицейдің абыройын қорғауға тырысқандығы байқалды.
Ұйымдастырушы мұғалім — Даулет Назарбеков атап өткендей, мұндай шаралар оқушыларды тәртіпке, жауапкершілікке және қиын сәтте шешім қабылдай білуге үйретеді.
«Тәуелсіздік – біздің басты құндылығымыз. Ал сол Тәуелсіздікті қорғайтын бүгінгі мектеп шәкірттері ертеңгі ел тірегі. Олардың әскери дайындығы мен патриоттық сезімі қашанда жоғары болуы тиіс», – дейді Даулет Назарбеков.
Қорытындылай келе, шара соңында үздік нәтиже көрсеткен командалар мен жекелеген оқушылар марапатталып, олардың жетістіктері мектеп тарихына тағы бір маңызды парақ болып қосылды. «А. Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицейі» осылайша Тәуелсіздік мерекесін нағыз ерлерге тән рухпен қарсы алды.
Еліміздің Тәуелсіздігі баянды, көк байрағымыз әрқашан биікте желбірей берсін!

