Ел егемендігінің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында мектебімізде айтулы мәдени шара өтті. «Отаным – бақыт ордасы» атты патриоттық әндер байқауы жас буынның бойындағы отансүйгіштік сезімді оятып, ұлттық мақтаныш рухын асқақтатты. Бұл кеш – жай ғана ән додасы емес, қасиетті туған жерге деген шексіз махаббат пен Тәуелсіздік атты асыл құндылықтың мерекесіне айналды.
Байқаудың басты кейіпкерлері – мектебіміздің 5 және 6-сынып оқушылары болды. Енді ғана есейіп, оң-солын танып келе жатқан жасөспірімдердің Отан туралы әндерді жүрексіне орындауы көрермендер мен қазылар алқасын бей-жай қалдырмады.
Әрбір сынып байқауға тыңғылықты дайындалып, тек дауыс ырғағына ғана емес, сахналық киімдері мен қойылымдарына да ерекше мән берген. Сахна төрінде қазақтың ұлттық нақыштағы киімдерін киген өрімдей жастардың көк байрақты желбіретіп ән салуы – ел болашағының беріктігін аңғартқандай болды. Байқау барысында оқушылардың өнері үш негізгі бағыт бойынша бағаланды. Мәселен, әннің табиғатын ашып, нақышына келтіріп шырқау, ән арқылы тыңдарманға отаншылдық сезімін жеткізе білу және сахнада өзін-өзі ұстау, киім үлгісі және көрерменмен байланыс.
Әрбір орындалған шығарма Тәуелсіз еліміздің жеткен жетістіктері мен байтақ даламыздың сұлулығын сипаттады. «Көк тудың желбірегені», «Атамекен», «Отан ана» секілді жұртшылыққа кеңінен танымал туындылар жаңаша әрленіп, мектеп залын думанға бөледі. Мектеп әкімшілігі мен ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралардың тәрбиелік мәні өте жоғары.
«Патриотизм тек сөзбен емес, іспен және сезіммен өлшенеді. Бала ән айту арқылы Отанның қадірін түсінсе, ол ертең елінің адал азаматы болып өседі. «Отаным – бақыт ордасы» байқауы – соның айқын дәлелі», – деп атап өтті ұстаздар қауымы.
Бұл шара жас ұрпақтың бойында елжандылық сезімді қалыптастырып қана қоймай, олардың рухани құндылықтарын нығайта түсті. Байқау соңында үздік өнер көрсеткен сыныптар мен жекелеген орындаушылар арнайы марапаттарға ие болды.
Қорытындылай келе, Тәуелсіздік – біздің ең басты байлығымыз. Ал сол байлықты сақтап, қадірлейтін – бүгінгі жас жеткіншектер. «Отаным – бақыт ордасы» байқауына қатысып, туған жердің киесін әнмен өрген барша оқушыларға, оларға бағыт-бағдар берген ұстаздар мен ата-аналарға алғыс білдіреміз. Еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

