Бала қауіпсіздігі – қоғамның басты назарында. Жасөспірімдердің түнгі уақытта қараусыз қалуы түрлі келеңсіздіктерге, тіпті қылмыстың құрбаны болуына немесе заң бұзушылыққа итермелеуі мүмкін. Осы қауіптердің алдын алу мақсатында Түркістан қаласында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ауқымды рейд жұмыстары жүргізілді. Бұл шара – жас буынның құқықтық сауаттылығын арттыру мен жауапкершілікті сезіндіруге бағытталған маңызды қадам. Рейд жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін қаланың барлық құзырлы органдары бір арнаға тоғысты. Бірлескен топтың құрамында, қала әкімдігі мен прокуратура өкілдері, білім бөлімі мен мектеп мұғалімдері, «Жастар ресурстық орталығының» мамандары, қоғамдық белсенділер мен еріктілер болды.
Мұндай көпжақты қатысу – мәселенің тек полиция тарапынан емес, бүкіл қоғам болып бақылауда екенін көрсетеді.
Рейд барысында негізгі назар жастар көп жиналатын орындарға аударылды. Мамандар қала аумағындағы компьютерлік клубтарды, кафе-барларды, демалыс саябақтары мен аулаларды жіті тексерді. Тексеру нәтижесінде түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінің (ата-аналарының немесе қорғаншыларының) еріп жүруінсіз көшеде және ойын-сауық орталықтарында жүрген бірнеше жасөспірім анықталды.
Анықталған жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің талаптарын, атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жерде жүруіне қатысты заңнамалық нормаларды түсіндірді.
Әсіресе, қауіпсіздіктің алдын алу мақсатында, түнгі уақытта жасөспірімдердің қылмыстық әрекеттерге тартылу немесе зардап шегу қаупінің жоғары екендігі, бала тәрбиесі мен оның жүріс-тұрысын қадағалау – ата-ананың тікелей міндеті. Сондай-ақ, қайталап заң бұзған жағдайда қолданылатын әкімшілік шаралар мен айыппұлдар туралы ақпарат берілді.
«Жастар ресурстық орталығының» мамандары атап өткендей, мұндай рейдтер жастарды тәртіпке баулып, олардың бос уақытын тиімді өткізуге ықпал етеді. Еріктілер өз кезегінде құрдастарына салауатты өмір салтын ұстану мен заңды сыйлаудың маңыздылығын насихаттады.
Қорытындылай келе, Түркістан қаласындағы «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Қауіпсіз қала — білімді және тәртіпті жастардың мекені. Сондықтан, әрбір ата-ана өз баласының қауіпсіздігіне бей-жай қарамай, заң талаптарын қатаң сақтауы тиіс.

