Бүгінгі таңда технологиялық прогресс адамзат өмірінің барлық саласына, соның ішінде ақпарат тарату үрдісіне түбегейлі өзгерістер әкелді. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлінің бастамасымен Түркістан қаласында өткен халықаралық деңгейдегі дөңгелек үстел қоғам үшін маңызды тақырыпты арқау етті. Мұсылман ақсақалдар кеңесі мен Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы бірлесе ұйымдастырған бұл шара медиа мен этиканың, технология мен адамгершілік құндылықтардың өзара байланысын зерделеді.
Жиынның ашылуында сөз алған Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып беріп, іс-шараның Түркістанда басталуының символдық мәніне тоқталды.
«Жасанды интеллект дәуірі» деп тақырып қойған себебіміз – қазір әлемде адамдардың жаңалықтарды жасанды интеллект қолдану арқылы қай арнаға бұратынын мамандар да тұспалдай алмай отыр. Агрессия мен эмоцияға, шындыққа жанаспайтын айыптаулар пен ақпараттарға мұқият болуымыз керек. Бұл бейбітшілік журналистикасының міндеттерінің бірі болмақ. Сондықтан, бүгінгі жиынға сәттілік тілеймін. Айтулы бастамамыз Алматы мен Астана қалаларында да жалғасады деп ойлаймын»,-деді Дархан Қыдырәлі.
Сонымен қатар, БҰҰ-ның зорлық-зомбылыққа қарсы онкүндігімен тұспа-тұс келген бұл жиын жасанды интеллект (ЖИ) арқылы таралатын ақпараттардың агрессияға, эмоцияға және жалған айыптауларға жол бермеуін басты назарға алды.
Университеттің ректоры Жанар Темірбекова: «Бүгін университетімізде керемет себеппен басқосып отырмыз. Осыдан біршама уақыт бұрын университетіміздің Өкілетті Кеңес мүшесі Дархан Қуандықұлы бұл іс-шара туралы жоспарын айтқанда қатты қуандық. Себебі, бүгінгі тақырып оқу ордамыздағы 4 факультеттің жұмысын қамтиды. Жасанды интеллект бойынша Инженерия факультеті көптеген маңызды жұмыстар атқаруда. Медиа бойынша Журналистика кафедрасы бар. Бейбітшілік дегенде Ясауи бабамыз еске түседі. Ал Ясауи атындағы университет ретінде бұл іс-шараны өткізу біз үшін де үлкен бақыт! Сондықтан осы бастаманы көтерген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәліге ерекше алғыс білдіреміз!»,-деді.
Келесі кезекте, ректор өкілі м.а Нажи Генч: «Университетімізде осындай маңызды іс-шара өтіп жатқанына қуаныштымыз.Жасанды интеллект дәуірінде бейбітшілік журналистикасы мен медиа тақырыбы ерекше мәнге ие.
Технологияның негізі болған «Инженерия» отбасының сотқар баласы сияқты. Оның қашан, қандай іс жасайтынын ешкім білмейді. Инженерия сөзге бағынбай, технологияның дамуы үшін жұмыс істейді. Ал дін, құқық, әлеуметтік алаңдар сотқар бала болған «инженерияның» ата-анасы іспетті. Оны үнемі қадағалап, тәрбиелеуге тырысады. Біз бүгін технологияның алдына шыға алмайтынымызға көз жеткіздік. Ол тек өркендеу кезеңінде болады. Оны тоқтатуға емес, жасанды интеллектің зиянды тұстарының алдын алуға қоғамды дайындаймыз. Сондықтан, жастар сіздер үшін де бүгінгі шара аса маңызды»,-деді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Түркістан облысы Әкімінің орынбасары Ертай Алтаев: «Қазіргі таңда ақпарат ағыны бұрынғыдан да жылдам өзгеріп, қоғамдағы пікір қалыптастырудың негізгі құралына айналды. Бұл үрдісте жасанды интеллекттің ықпалы күн сайын артып, медианың құрылымы мен жұмыс істеу форматын түбегейлі өзгертіп келеді.
Түркістан қаласындағы іргелі оқу орны Ахмет Ясауи университеті жасанды интеллект саласын дамыту арқылы өңірдегі ғылыми-техникалық прогресс пен жоғары технологиялы мамандар даярлау ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Университет жанындағы журналистика кафедрасы кәсіби мамандар даярлаумен қатар, ақпараттық кеңістіктің сапасын арттыруға бағытталған ғылыми-зерттеу, әдістемелік және тәрбиелік жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді»,-деді.
Мұсылман ақсақалдар кеңесі Орталық Азия кеңсесінің басшысы Абдунаим Сейдмұхаммед те жиынның мазмұндық тереңдігіне тоқталып, руханият пен технологияның үйлесімі туралы ой қорытты. Түйіндей келе, медиа сарапшы, қауымдастырылған профессор, ғалым Молдияр Ергебековтың модераторлығымен өткен сессиялық отырыстарда қатысушылар екі негізгі бағытты талқылады. Атап айтқанда, жасанды интеллект дәуіріндегі медианың бейбітшілік миссиясы мен этикасы. Сонымен қатар, қоғамдық қатынастардағы «бейбітшілік тілінің» қалыптасуы.
Киелі де, өнер ордасы Түркістанда бастау алған бұл маңызды бастама алдағы уақытта Алматы мен Астана қалаларында жалғасын таппақ. Бұл – еліміздегі ақпараттық қауіпсіздік пен цифрлық этиканы жаңа деңгейге көтерудің алғашқы қадамы.
Дөңгелек үстел барысында жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мен қауіптері де ашық айтылды.

