Түркістан қаласында жасөспірімдердің ішкі әлеуетін ашуға және оларды биік мақсаттарға үндеуге бағытталған мазмұнды жүздесу өтті. Түркістан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен қала мектептерінің оқушыларына арналған ерекше мотивациялық кездесу ұйымдастырылды.
Бұл шара – жастардың жеке тұлғалық дамуын қолдау, олардың өзін-өзі жетілдіруге деген ынтасын ояту және бойларына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру жолындағы маңызды қадам болды.
Кездесудің басты спикері ретінде «Қазақ аруы» республикалық байқауының финалисі, Түркістан топырағының тумасы Дариға Рахым шақырылды. Өңір мақтанышына айналған ару оқушылармен ашық диалог құрып, үлкен сахнаға дейінгі жүріп өткен жолы мен байқау барысында жинақтаған тәжірибесімен бөлісті.
Дариға өз сөзінде сұлулықтың тек сыртқы келбет емес, ол – ішкі мәдениет пен білімнің үйлесімі екенін атап өтті. Ол жасөспірімдерге жауапкершілік, еңбекқорлық және темірдей тәртіпсіз ешқандай биікті бағындыру мүмкін емес екенін ерекше түсіндірді.
«Әрбір адамның өз арманы болуы тиіс. Бірақ арман – тек қиял емес, ол нақты мақсатқа айналуы керек. Сол мақсат жолында табанды еңбек етіп, қиындықтарға мойымау – жеңіске жетелейтін жалғыз жол», – деді Дариға Рахым оқушыларға жігер сыйлай отырып.
Рухани және мәдени тәрбие – басты бағыт деген пайымдағы жастардың елжандылығын айқындаған кездесуге қазақ өнері мен мәдениетінің өкілдері, атап айтқанда, «Би падишасы» Ұлжан Мұстафаева мен Сиякуль Мұстапаева қатысты. Олар жастардың рухани кемелденуі мен ұлттық мәдениетті бойына сіңіруінің маңыздылығына тоқталды. Өнер адамдарының айтқан ғибратты әңгімелері оқушылардың мәдени көкжиегін кеңейте түсті. Сондай-ақ, Жастар ресурстық орталығының басшысы Пиржанова Алия қатысушыларға орталық тарапынан атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды таныстырды. Ол қала жастарының әлеуметтік белсенділігін күшейту, олардың шығармашылық бастамаларын қолдау – орталықтың басты міндеті екенін жеткізді.
Кездесудің ең қызықты сәті еркін форматтағы сұрақ-жауап бөлімі болды. Оқушылар өздерін мазалаған сауалдарын қойып, қонақтардан құнды кеңестер алды. Жастар өз армандарын қалай анықтау керек, сәтсіздікке кездескенде қалай бойды тіктеу қажеттігі туралы маңызды ақпараттарға қанықты.
Қорытындылай келе, Түркістан төрінде өткен бұл мотивациялық кездесу жас ұрпақтың жігеріне жігер қосты. Шара соңында оқушылар осындай кездесулердің жиі болып тұруын тілеп, алған әсерлерімен бөлісті. Рухани азық алған жастар өздерінің де болашақта ел мақтанышы болып, Түркістанның атын асқақтатуға уәде берді.
Түркістан жастары — білімді, мақсатшыл және жігерлі!

