Әлем жұртына көнелігімен, тарихи дастанымен танымал Түркістан қаласында жаңа әуе кестесі пайда болып, жұртшылыққа жағымды ақпаратпен қатар, енді ел игілігіне қызмет ететін болады.
Ия, 1 желтоқсаннан бастап Түркістан қаласының халықаралық әуежайынан Өзбекстанның туристік әлеуеті жоғары үш қаласына тұрақты әуе рейстерінің ашылуы – екі ел арасындағы өңіраралық байланыстарды нығайтудағы және туризмді дамытудағы маңызды қадам болды. Бұл бастама ежелгі Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан қалалардың мәдени-экономикалық интеграциясына жаңа серпін бермек.
Түркістан әуежайынан басталатын жаңа халықаралық бағыттар тізіміне Өзбекстанның тарихи және мәдени маңызы зор қалалары енді. Анығын айтқанда, 1 желтоқсаннан бастап жолаушылар, Үргеніш (Хорезм облысының орталығы), Бұхара (Ислам әлеміндегі қасиетті қалалардың бірі), Самарқанд (Ежелгі орталық, Темір империясының астанасы) қалаларына тікелей қатынай алады.
Бұл рейстер аптасына үш мәрте тұрақты түрде орындалады, бұл туристерге де, іскерлік мақсатпен жүретін азаматтарға да ыңғайлы кесте ұсынады.
Ашылған әуе қатынасы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін көрсетеді. Әсіресе, ел экономикасының ілгерілеуіне басымдық берілуімен қатар, екі ел кәсіпкерлері үшін сапар уақытын қысқартып, іскерлік кездесулер мен келісімдер жүргізуге қолайлы жағдай жасайды. Түркістан мен Өзбекстанның тарихи қалалары арасындағы рухани және мәдени байланыстарды тереңдетеді және жүк тасымалы және транзиттік әлеуетті арттырады.
Бұл әуе жолдары қазақстандықтарға ислам өркениетінің орталықтарына жылдам жетуге мүмкіндік берсе, өзбекстандық туристер үшін Түркістанның киелі орындарын, соның ішінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесін зиярат етуге жол ашады.
Түркістанның үш тарихи қаламен тікелей байланысуы «Тұран» туристік дәлізін дамытуға үлкен серпін береді. Туристер енді бір сапар барысында екі елдің Ұлы Жібек Жолы бойындағы басты нысандарын аралап, ортақ тарих пен мәдениетті тереңірек тани алады.
Бұл бастама өз кезегінде қонақүйлер, мейрамханалар және басқа да туристік инфрақұрылымдарды дамытуға инвестиция тартуға ықпал етеді. Жергілікті гидтер мен туристік агенттіктер үшін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта жаңа бағыттарға қажетті билеттер сатылымға шыққан. Жолаушылар билеттерді әуе компанияларының ресми сайттарынан немесе туристік агенттіктер арқылы сатып ала алады.
Түркістан қаласының бұл жаңа әуе қатынасын ашуы – өңірді халықаралық деңгейдегі ірі логистикалық және туристік хаб ретінде қалыптастыру жолындағы маңызды қадамы болып табылады.

