Қазақстанның оңтүстігіндегі ежелгі қазыналы қала – Түркістан. Бүгінде бұл қалада жаңа нысандардың салынып, халық игілігіне берілуде. Елдің экономикасын арттыру бағытында басты басымдық — туризмнің тартылыс нүктесіне айналдырудағы атқарылып жатқан жұмыстар.
Әрине, жаңа нысандардың салынуы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, жаңа серпіннің нышаны. Басталған істер аяқталып, салынған ғимараттардың сәулетіне қатысты талаптар толық сақталуда. Көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына да ерекше мән берілуде. Тұрғындарға әлеуметтік тұрғыда тиімді, елге қызмет ететін ірі жобалар жүзеге асырылуда.
Жалпы, соңғы жылдары Түркістан қаласында инвесторлардың қатары күн санап артып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен қызығушылық танытып отырған азаматтар Түркістан қаласында, жалпы, облыста кәсіп ашуға жасалған жағдайдың қолайлы екенін алға тартады. Кәсіпкерлер автосалон, жекеменшік емхана, сауықтыру кешендері мен спорт кешендерін салуға қызығушылық танытып отыр.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында туризм саласын жүйелі түрде дамыту және туристік инфрақұрылымды жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар беріп, бұл бағыттың ел экономикасын әртараптандыру мен халықаралық имиджді арттырудағы маңыздылығын атап өтті. Өңірде туризм саласы қарқынды дамып келеді. Президенттің қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтерді. Қала аймақтың рухани өмірі үшін де маңызды рөл атқарады. Бүгінде Түркістанға келген туристер ежелгі дәуір жәдігерлерімен қатар, жаңа нысандардың да сән-салтанатын тамашалай алады. Себебі, Түркістан бірнеше көрікті жерлері бар шеттегі қала емес, ол барлық бағытта үздіксіз дамудағы мегаполис.
Ақпараттар легіне сүйенсек, жыл басынан бері Түркістан қаласына 500 мыңнан астам турист келіп, осы сала арқылы 6,6 млрд. теңге табыс түскен. 2025 жылдың IIІ тоқсанымен орналастыру орындарында демалғандар саны 251 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 6,6 пайызға өскен. Жыл басынан бері өңірдегі табиғи аумақтарға 144,6 мың адам, тарихи орындарға 959 мың адам саяхаттаған. E-qonaq жүйесіндегі дерек бойынша 2025 жылдың 11 айында облысқа шетелден 43,8 мың адам келген (Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Германия, Франция). Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 еседен астам артып отыр. 2025 жылдың 11 ай қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 97,6 млрд. теңгені құраған.
Туристерге жаңа бағыттар мен өнімдер ұсыну мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Есу арнасы» каналы мен Қолөнершілер орталығының құрылысы аяқталды. Жыл соңында 99 гектар аумақты қамтитын жаңа ипподром пайдалануға беріледі. Аталған нысандар халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

