Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) ұйымдастырған республикалық «FIN IQ» диктантының қорытындысы бойынша Түркістан қаласы үздік нәтиже көрсетіп, республикалық деңгейде I орынды иеленді. Бұл жеңіс қала тұрғындары мен әкімдік қызметкерлерінің қаржылық сауаттылық деңгейінің жоғары екенін және қаржылық қауіпсіздікке деген ұмтылысының күштілігін айғақтайды.
Республика бойынша өткізілген ауқымды «FIN IQ» диктанты қаржылық білімді тексеруге және халықтың қаржылық мәдениетін көтеруге бағытталған маңызды шара. Осы сайыста Түркістан қаласының жеңіске жетуі – бұл өңірдегі қаржылық сауаттылықты арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін көрсетеді. Қаланың бұл жетістігін қаржылық мониторинг агенттігі арнайы атап өтті.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының ұйымдастырушылық қабілетіне және әкімдік қызметкерлерінің белсенділігіне жоғары баға берілді. Нақтылап айтқанда, аржылық қауіпсіздік шараларын жоғары дқеңгейде ұйымдастырғаны мен диктантқа және басқа да қаржылық білім беру іс-шараларына жоғары дайындықпен қатысқаны үшін, Түркістан қаласының әкімдігі арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Әрине, бұл марапат қала әкімдігінің қаржылық қауіпсіздік мәселелеріне мемлекеттік деңгейдегі жауапкершілікпен қарайтынын білдіреді.
Түркістан қаласы әкімдігінің қызметкерлері қаржылық сауаттылықты арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде және кешенді жүргізіп келеді. Олардың негізгі міндеттері, қаржылық сауаттылықты арттыру мен тұрғындарға ақшаны тиімді басқару, несиелерді дұрыс пайдалану және инвестициялау негіздерін үйрету. Сонымен қатар, экономикалық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыра отырып, қоғамда қаржылық алаяқтыққа қарсы тұру дағдыларын дамыту және ақпараттық қауіпсіздік ережелерін насихаттау тереңінен зерделенуде.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында қаржылық қауіпсіздік бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Бұл жұмыстарға қаржы саласының білікті мамандары, құқық қорғау органдары және қоғамдық ұйымдар тартылған. Олар бірлесе отырып, алаяқтық схемалардың алдын алуға, заңсыз қаржылық операциялар туралы халықты хабардар етуге және қажет болған жағдайда құқықтық көмек көрсетуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастырады.
Түркістан қаласының FIN IQ диктантындағы жеңісі – тек бір реттік жетістік емес, бұл қаланың тұрақты экономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге деген ұзақ мерзімді бағытының көрінісі. Қаржылық сауаттылық – бұл әрбір азаматтың өзінің және отбасының экономикалық әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беретін басты құрал. Түркістан әкімдігінің бұл бағыттағы үздік жұмысы өзге өңірлерге үлгі бола алады.

