Түркістан қаласында маңыздылығы бар жобалар құқықтық сүйемелдеу бағытында қорғалып келеді. Еске салсақ, еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов: – «Заңды кәсіпкерлікті қолдау, оның ішінде инвесторларды қорғау экономиканың дамуына қосымша серпін береді. Прокурорлардың міндеті – бизнес үшін қолайлы құқықтық жағдай жасау, мемлекеттік органдар мен монополистер тарапынан болуы мүмкін заң бұзушылықтардың алдын алу.
Инвесторларға құқықтық қолдауды күшейту мақсатында заң жүзінде прокурорлық сүзгі енгізілді. Енді бірде-бір мемлекеттік органның прокурормен келіспей, инвесторды тексеруге, әкімшілік жауаптылыққа тартуға, қызметін тоқтатуға, лицензияларды кері қайтаруға, келісімшарттарды біржақты бұзуға немесе сотқа талап қоюға құқығы жоқ. Бұл шаралар инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды үш есеге қысқаруға мүмкіндік берді»,- деген болатын.
Түркістан қаласының инвестициялық тартымдылығын арттыру және іске асырылып жатқан жобалардың кедергісіз жүзеге асуын қамтамасыз ету мақсатында маңызды жұмыс кездесуі өтті. Бұл бастама Мемлекет басшысының инвестицияларды құқықтық қолдауды күшейту туралы тікелей тапсырмасы аясында қала прокуратурасы тарапынан жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Инвестициялық жобаларды құқықтық сүйемелдеу жұмысының аясында, 2025 жылдың 27 қарашасында Түркістан қаласының инвестициялық климатына ерекше назар аударылған жұмыс кездесуі ұйымдастырылды. Кездесуге Түркістан қаласы прокурорының орынбасары О.Мусаев пен облыс прокурорының инвестициялық жобалар жөніндегі аға көмекшісі Н.Мустафаев төрағалық етті.
Бұл шараға өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген ірі кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты. Басты мақсат – бизнес пен билік арасындағы диалогты нығайту, сондай-ақ жобаларды іске асыру кезінде туындайтын құқықтық және әкімшілік кедергілерді жедел шешу.
Кездесу барысында Жалпыұлттық және Өңірлік пулға енгізілген маңызды инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы жан-жақты талқыланды. Инвесторлар өз тараптарынан жобаларды жүзеге асыру барысында кездескен мәселелерді ортаға салып, тиісті құқықтық көмек алу үшін жеке қабылдаулар ұйымдастырылды.
Талқыланған жобалардың ішінде айқындылығы басым мәселелерге тоқталсақ, тұрғын үй кешендері, яғни қала халқының сұранысын қанағаттандыруға бағытталған құрылыс жобалары. Қонақ үй кешендері, туризм инфрақұрылымын дамытуға үлес қосатын нысандар. Тігін фабрикасы, өңірдегі жеңіл өнеркәсіпті жандандыруға бағытталған өндіріс. Жиһаз өндіретін цех, жергілікті өндірістік базаны кеңейтуге арналған кәсіпорын.
Бұл аталған жобалардың барлығы тек бизнес мүддесін ғана емес, сонымен бірге қоғамдық маңызы да зор. Олар, жүздеген жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді және қаланың инфрақұрылымын дамытуға және оның заманауи келбетін қалыптастыруға бағытталған.
Түркістан қаласы прокуратурасының инвестициялық жобаларды құқықтық сүйемелдеуі – бұл инвесторларға қатысты заңсыз әрекеттердің алдын алу, бюрократиялық кедергілерді жою және рұқсат беру рәсімдерін жеделдету сияқты мәселелерді шешудегі маңызды тетік.
Қала прокуратурасы қазіргідей жағдайда, инвестициялық жобаларды құқықтық тұрғыдан сүйемелдеу жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл – Түркістанның қолайлы және қауіпсіз инвестициялық аймақ ретіндегі мәртебесін нығайта түсетін маңызды кепілдік.

