Бүгін Түркістан өңірінің индустриалды даму тарихында маңызды кезең басталды. Атап айтқанда, джинсы матасын және жылына 30 мың тонна мақта-мата жібін өндіретін заманауи өндірістік кешеннің іргетасы қаланды. Бұл ауқымды жоба – өңірдегі мақта шикізатын толықтай өңдеп, жоғары қосылған құны бар дайын өнім шығаратын толыққанды тоқыма кластерін қалыптастыру жолындағы стратегиялық қадам болып табылады.
Өңір экономикасына серпін беретін жаңа өндіріс кешені толығымен жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны 23,3 млрд теңгені құрайды. Мұндай ірі инвестицияның тартылуы – Түркістанның инвесторлар үшін тартымды өңірге айналғанын және тоқыма өнеркәсібінің болашағы зор екенін көрсетеді.
Түркістан өңірі – Қазақстандағы мақта шаруашылығының негізгі отаны. Бұрын жиналған мақта негізінен шикізат ретінде экспортталатын. Жаңа кешеннің іске қосылуымен жағдай түбегейлі өзгереді. Аталмыш зауыт, мақтаны терең өңдеуді қамтамасыз етеді, шикізатты мақта-мата жібіне айналдырады. Одан әрі танымал және сұранысқа ие джинсы матасын шығарады.
Бұл үдеріс өңірдегі мақта фермерлері мен шағын кәсіпорындарға тұрақты тапсырыстар мен кепілді нарық ұсынып, толыққанды тоқыма кластерінің тиімді жұмыс істеуінің негіз қалайды деп күтілуде.
20 гектар аумақта салынатын бұл өндіріс кешені – тек экономикалық ғана емес, әлеуметтік маңызы зор жоба. Жоба толық іске қосылғаннан кейін мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Кәсіпорын өндірісті толықтай заманауи технологиялармен жабдықтайды. Бұл өнім сапасының халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз етіп, өндіріс процесінің тиімділігін арттырады.
Жаңа кешеннің өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, халықаралық нарықтарға бағытталған. Алдағы уақытта джинсы мата мен мақта-мата жібі еуропа және орталық Азия нарықтарына экспортталады деп жоспарлануда. Бұл қадам Түркістан өнімдерінің әлемдік тоқыма нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырып, Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтеді.
Мұндай ірі өндірістік жобалардың жүзеге асуына Түркістандағы дайын инфрақұрылым – арнайы индустриалды парктер, арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың жұмыс істеуі үлкен ықпал етуде. Бұл аймақтар инвесторларға қажетті инженерлік коммуникациялар мен әкімшілік қолдауды ұсынып, жобаларды жедел іске қосуға мүмкіндік береді.
Түркістан қаласының басшылығы бұл жоба арқылы өңірді – тоқыма өнеркәсібінің маңызды орталықтарының біріне айналдыруға деген сенімін білдіруде. Бұл бастама өндірістік әлеуетті арттырып, жаңа технологияларды енгізіп, Түркістанның экономикалық тұрғыдан өркендеуіне зор үлес қосады.

